ҰБТ-дағы қылмыс: 4 түлектің үстінен іс қозғалды

0
844

Олар өздерінің орнына басқаларды өткізбек болған.


ҰБТ-дағы қылмыс: 4 түлектің үстінен іс қозғалды

Түлектер түрмеден бір-ақ шықты. Ұлттық біріңғай тестілеуге өз орнына бөтен біреуді өткізбек болған 4 оқушының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Арасында жақсы үлгерімімен көзге түскен «алтын белгі» иелері де бар екен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталыпты. Енді жаңа өмірге қадам басқалы тұрған бозбала-бойжеткендердің алдағы тағдыры не болмақ?
Бүгінге дейін бас-аяғы 190 мың түлек мемлекеттік емтиханнан өтіп, тестілеу нәтижесімен танысыпты.

«Қағазға қарағанда, компьютермен тапсырған ыңғайлы. Себебі лично өзімде, қағазға бояғанда қате көп кететін, и мен өзімнің тиісті балымды ала алмайтынмын. Ал мұнда можно белгілемейсің. И артқа қайтуға болады. Ал қағазға бір белгілесең,артқа қайтуға болмайтын еді», - дейді түлектердің бірі БАҒДАТ ХАЛИБЕКОВ.

Иә, бұл формат бұрынғыдан әлдеқайда ерек. Түлектерге бар жоғы біліміне сену керек. Өйткені ыңғайына қарай, оқушының бүкіл жағдайы жасалған ба дейсің.
«Бала өзі таңдайды. Күнін, орнын өзі таңдайды. Мысалы ҰБТ бізде екі реттен өткізіледі. Ол таңертен тапсыра ма, түстен кейін тапсыра ма, яғни, өзіне ыңғайлы уақытты таңдай отырып тапсырады», дейді Ұлттық тестілеу орталығы басшысының орынбасары НАУЖАН ДИДАРБЕКОВА.
Бірақ, әрине, талап қатал. Камераға оқушының көшіргені жазылса, бірден тест тапсыру мүмкіндігінен айырылып жатыр.
«Өте қатты қиын сұрақтар да емес. Мысалы математиканы салыстыратын болсақ, көрші елдермен салыстырсақ, ең жеңіл математика тесттері бізде деп айтуға болады 11 сыныптарға арналған. Сондықтан қатал түрде өткені дұрыс деп ойлаймын», - дейді Білім беру орталығының басшысы, БӨГЕНБАЙ СЕРІКБАЙ
Алайда соған қарамастан, жылдағы дәстүрден жаңылмай, қитұрқы әрекеттерге барған түлектерді де көз көрді, заманына қарай көмекші құралдары да өзгерді.

Телефонын да қайда ғана жасырмады десеңізші? Қыздар смартфонын кеуде тұсына, шоколадтың қаптамасына салса, жігіттердің 45 размерлі аяқ киімді киюі де бақылаушылардың күмәнін бекер тудырмапты.

«Бір шпаргалка немесе оған шамалы ұмтылыс ұмтылыс болатын болса, онда сразу акт толтырылып, шығарылып жатыр ғой. Ол дұрыс деп айтуға болады. Ол уже кішкентай бала емес, 18 жасар бала, жауапкершілікті сезіну керек», - дейді Білім беру орталығының басшысы, БӨГЕНБАЙ СЕРІКБАЙ.
Алайда, жауапкершілікті бәрі сезіне қалса қане? Бақ шаба ма, бап шаба ма деп жүріп, болашағына балта шапқандар да бар. 4 түлек, жалған құжат жасап, орнына өзге адамды өткізбек болғандары үшін ұсталды. Енді оқушылардың үстіне қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеу амалдарына байланысты өзге ақпарат жарияланбады, белгілісі арасында «алтын белгі» иесі де бар. Енді қулығымен сынақтан қуылғандардың алдағы тағдыры құқық қорғау органдарының қолында. Ал жалпы ұлттық біріңғай тестілеудің өзі әлі маусымның 30-ына дейін жалғасады.