Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты қаулыға қол қойды

0
679

29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні 1 сағат артқа ауыстырылады.


Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты қаулыға қол қойды

ҚР Үкіметі еліміздің аумағында бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты құжатқа қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысы

«Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

«Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының уақыт пен жиіліктің мемлекеттік бастапқы эталоны ұдайы жүргізетін, сақтайтын әрі беретін уақытты есептеу сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесі бойынша жүргізіледі деп белгіленсін»;

3 және 3-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылады.

3-1. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын.».

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі халықты Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы хабардар етсін.

Осы қаулының қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 2-тармағын қоспағанда, осы қаулы 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.