Бұған дейін мәжілісмен Зарина Қамасова үкіметке депутаттық сауал жолдап, инфекциялық бөлімшелерде жұмыс істейтін дәрігерлерге үстемақы берілмей жатқанын мәселе етіп көтерген еді.
ERNUR.KZ. Оның сұрағына жауап берген премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 1 қазаннан бастап аталмыш төлем тоқтатылғанын мәлім етті, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Коронавирус үшін үстемақы Қазақстанда және бүкіл әлемде медицина пандемияға әлі дайын болмаған кезеңде беріле бастады. Ол тұста вирус зерттелмеген, емдеу хаттамалары қайта-қайта өзгерген, белгісіз вирустың қорқыныш элементі болған және медицина қызметкерлеріне қосымша жігерлендіру қажет болған уақыт еді. КВИ үшін үстемеақылар енгізілген жағдайды белгілі бір дәрежеде «әскери уақытпен» («форс-мажор») салыстыруға болатын еді», - дейді Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, қазір жағдай қалыпқа келе бастаған. Тиімді қорғаныс құралдары пайда болып, емдеу хаттамалары бекітілген. Бұл қызметкерлердің жұқтыру қаупін нөлге дейін төмендеткен. Инфекцияға қарсы сенімді құрал пайда болған (вакцина). Бұл ретте медицина қызметкерлері вакцинацияға алғашқылардың бірі болып қол жеткізіп, қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің 99% егілген. Бүгін де медицина қызметкерлеріне бірінші болып ревакцинация жүргізілуде.
«Қазақстанда коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның биылғы 28 мамырдағы отырысында 2021 жылғы 1 тамыздан бастап КВИ үшін үстемақы мөлшерін 50% - ға төмендету және 2021 жылғы 1 қазаннан бастап олардың төлемдерін алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұл ретте денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерінің айлығын көтеру бойынша жаңа әдіс айқындалып, республикалық бюджеттің қарауына енгізілді», - дейді ол.
Осыған байланысты, медициналық қызметкерлерді қаржылай қолдау мен ынталандыруды жалғастыру мақсатында 1 қазаннан бастап тәуекел тобына байланысты белгілі бір мамандықтар бойынша ғана жалақыны арттыру жөнінде шаралар қабылданды.
«Осы норма жұқтыру қаупінің тең жағдайлары үшін бірдей еңбекақы төлеуді қамтамасыз етеді», - дейді Ералы Тоғжанов.