Үкімет мобильді аударым мәселесін қайта қарайтын болды

0
330


Үкімет мобильді аударым мәселесін қайта қарайтын болды

ERNUR.KZ. Бұл туралы үкіметтің баспасөз орталығында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.


“Сезімтал мәселе”

"Бұл өте сезімтал мәселе. Сондықтан маған оны тағы бір рет қарау туралы тапсырма берілген. Біз қаржылық-экономикалық блоктың ішінде бұл мәселені қарастырамыз. Өлшемшарттарын, тетіктерін әлі де егжей-тегжейлі қараймыз. Бұл сұраққа қайта ораламыз", - деді ол үкімет отырысынан кейін журналист сұрағына берген жауабында.

Ал қаржы министрі Мәди Такиев мобильді аударымдарды тексеру бәрі бір қалатынын меңзеді. Оның сөзінше, мобильді аударымдар қалады.

"Бірақ әлі қараймыз. Жеке кәсіпкерді қалай анықтайсыз? Тағы да айтайын, біз құқықтық мемлекетпіз. Әділетті мемлекетпіз, дұрыс па? Сіз бен біз осы заңның сақталуын қарауымыз керек. Біреулер төлейді, біреулер төлемейді. Әділдік болу керек. Яғни, бәрі салық төлеу керек. Бірақ әркімнің өз мөлшері болатыны түсінікті. Сондықтан біз түрлі режимдерді қарастырып жатырмыз. Осы режимдер арқылы салық жүйесі қалай жұмыс істейтінін ойластырып жатырмыз. Бұл бәрін бір арнаға тықсырып тастау деген сөз емес", - дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыров кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды азайтып, қолма-қол ақшаға ауыса бастауын “уақытша тренд” деп атаған еді. Қазақстанның цифрландырылған елдердің қатарында екенін еске салған ол қазақстандықтар бұдан әрі де банктердің цифрлық қызметтерін белсенді пайдаланады деп сенеді.

Саудагерлер не дейді?

Kaspi bank арқылы азаматтардың бір-біріне телефон нөмірін теріп қана жөнелте беретін ақшасы биылдан бастап саябырлай бастағаны анық. Оған «енді переводтың бәрі бақылауға алынады екен» деген әңгіме тікелей себеп болып отыр. Ұсақ саудасы, шағын дүкені, дәріханасы бар азаматтар бұған дейін ақыны аударыммен қабылдай берсе де, биылдан бастап қолма-қол ақшаны талап ете бастаған. Табысының аз да болсын бөлігін салық ретінде бергісі келмейтіндер баршылық.