Украиналық оқушылар су тасқынына байланысты Қазақстанға қолдау білдірді

0
199

Өз кезегінде елші кездесуге қатысушыларға су тасқынына байланысты қолдау мен жанашырлық білдіргені үшін алғысын білдірді.


Украиналық оқушылар су тасқынына байланысты Қазақстанға қолдау білдірді

ERNUR.KZ. Украиналық оқушылар су тасқынынан зардап шекен қазақстандықтарға қолдау сөздер айтып, ел аймақтарының тезірек қалпына келуін тіледі, деп жазады ulysmedia.kz.

Украинадағы Қазақстан елшілігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Григорий Ващенко атындағы № 144 Киев лицейінің оқушылары мен педагогтарымен кездескен.

Кездесуге Украина Жоғарғы радасының Қазақстан Республикасымен парламентаралық байланыс жөніндегі депутаттық тобының жетекшісі Сергей Нагорняк та қатысты. Кездесу кезінде украиналық оқушылар су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қазақстан халқына шынайы қолдау сөздерін жеткізді. Лицей өкілдері зардап шеккен өңірлердің тезірек қалпына келуін тіледі, - делінген хабарламада.

Өз кезегінде елші кездесуге қатысушыларға су тасқынына байланысты қолдау мен жанашырлық білдіргені үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар бастаманы айтты.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.