​ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ОБЛЫСТАҒЫ БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА

0
119

Жалпы ұлттық жоба бойынша 2023 жылы өңірге 64,1 млрд. теңге бөлінген.


​ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ОБЛЫСТАҒЫ БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА

Абай облысында«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы белсенді іске асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайларды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету есебінен қазақстандықтардың жайлы өмір сүру ортасын құруды мақсат еткен ұлттық жобаның жемісін көріп жатқан тұрғындар да бар. Сонымен, өңірде халықтың тұрмысын жақсартуына ұлттық бағдарламаның қандай көмегі тиіп жатқанын саралап көрелік.

Абай облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректеріне сәйкес, жалпы ұлттық жоба бойынша 2023 жылы өңірге 64,1 млрд. теңге бөлінді. Ұлттық жобаны жүзеге асыру облыста несиелік тұрғын үйлер салуды және оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуды жандандырды. Бұл жолдың бойында Семейде 35, Аягөз қаласында екі үй пайда болады.

Инженерлік коммуникациялар бойынша ұлттық жоба аясында көптеген жұмыстар жоспарланған. Мәселен, облыс орталығындағы жылу көздері мен желілерін қайта жаңғыртуға 5,4 млрд теңге, Семей қаласы мен облыстың 37 ауылдық елді мекеніндегі су құбыры желілерін салу және қайта жаңартуға 15,2 млрд теңге бөлінді. Авто көпірді қайта жаңарту, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға 9,5 млрд теңге бөлінген. Ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсететін тағы бір жоба «Дипломмен ауылға!» 548,6 млн.теңге сомасына қаржыландырылды.

«Ұлттық жобаның бір бағыты аймақтық стандарттар жүйесіне сәйкестендіру мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тірек және серік ауылдарды жаңғырту болып табылады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту және негізгі қызметтерді көрсету арқылы халықтың кетуін азайту, адамдардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасау және жалпы өңірлердің экономикалық дамуына тың серпін беру көзделуде», - деді Ұлттық жобаның ауылдық жерлерде жүзеге асырылу барысы туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы.

Қазіргі таңда өңірде 333 елді мекен – 2 аудандық маңызы бар қала, 2 аудандық маңыздағы қала, 2 қала, 327 ауыл бар. Оның ішінде 169 ауыл әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар статусқа ие.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы 42 ауылдық елді мекенде 9,5 миллиард теңгенің 77 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде: 33 көлік, 24 әлеуметтік және 20 инженерлік инфрақұрылым жобалары, бұл тірек және серіктестік ауылдарды стандарттармен қамтамасыз ету деңгейін кезең-кезеңімен атқарылмақ.

Ұлттық жобаның тағы бір маңызды іс-шарасы ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру болып табылады. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сертификатталған мамандарды ынталандыру және ұстап қалу үшін «Дипломмен ауылға!» жобасы жүзеге асырылуда.

«Соңғы 5 жылда өңір бойынша 1210 адам көтерме жәрдемақы, 735 адам бюджеттік несие алды. Жалпы сомасы 3 036,2 млн теңгеге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Ағымдағы жылы тұрғын үй сатып алуға немесе салуға және 303 көтерме жәрдемақы төлеуге 106 кредит берілді, – деп нақтылады Роза Құдайбергенқызы.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру көлемін арттыру жоспарлануда.

«Бұл шара ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға жайлы әрі жайлы үйлер сатып алуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті салалық басқарма басшысы.