ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Қызылорда облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы жанданып келеді

0
368

Өңірде жоба басталғалы 661,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Қызылорда облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы жанданып келеді

Елімізде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатқаны баршамызға мәлім. Соның ішінде 2021 жылы басталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы сәтті іске асып келеді. Ұлттық жобаның іске асып жатқанына аз уақыт болса да, нәтижесі көңіл қуантарлық. Жоба аясында қаншама жолдар жөнделіп, біршама нысандар бой көтеріп үлгерді. Өңірлердегі өзекті мәселелер де бірте-бірте шешімін тауып келеді.

Осы тұста ұлттық жоба негізінде Қызылорда облысында атқарылған жұмыстарға тоқталмақпыз.
Аталған жобаның басым бағыттарының бірі - құрылыс саласы. Яғни халықты қолжетімді баспанамен және әлеуметтік нысандармен қамту мәселесіне басымдық берілген. Өңірде жоба басталғалы 661,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
2021 жылы облыс бойынша тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2528 пәтерді құрайтын 112 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Осылайша жыл соңында жалпы ауданы 1576 пәтерді құрайтын 90 тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жоспар бойынша 682,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Сонымен қоса, биыл облыс бойынша Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 124,9 мың шаршы метр 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Осы көрсеткіштерден-ақ өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарыштап дамып жатқанына аңғаруға болады.
Келесі кезекте облыстағы әлеуметтік нысандардың құрылысына тоқталайық.
Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше, өткен жылы денсаулық және білім беру салалары бойынша барлығы 12 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 5 нысан білім беру, 7 нысан денсаулық саласына тиесілі.

Білім беру нысандарының құрылысы қарқынды
Алдымен білім беру нысандарының құрылысына зер салайық. Облыс орталығында білім беру мекемелерінде орын тапшылығының алдын алу мақсатында бірнеше қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілген, Атап айтқанда, Қызылорда қаласы Махамбет елді мекеніндегі Б. Жөнбаев көшесінде орналасқан №268 орта мектебіне 200 орындық қосымша ғимарат салынған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде орналасқан Мергембаев Б.К №226 мектеп-гимназиясына қосымша спорт залдың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.
Сонымен қоса, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп құрылысы жүргізілген. Ал, балалардың жаз-қыс мезгілдерінде демалысы үшін Қармақшы ауданында 150 орындық лагерь құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне тапсырылған. Қызылорда облысы білім басқармасының дерегінше, аймақтағы балалар санының өсу динамикасын ескере отырып, 2025 жылға дейін 34 мемлекеттік, 18 жеке мектеп салынатын болады. Айта кететін жайт, Қызылорда облысында жеке мектептердің саны артқан. 2020 жылы 10 мектеп, 2021 жылы 16 мектептің құрылысы жүргізілген. Ал, биыл жаңадан тағы 3 жеке білім ордасының құрылысы жүргізілуде.

(фото: elana.kz)

Өңірде 2022 жылы білім саласының жалпы бюджеті 204, 4 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан.
Өткен 2021-2022 оқу жылында аймақта жалпы саны 311 мектеп жұмыс жасаған. Оның ішінде 295 мемлекеттік және 16 жеке мектеп. Оқушы саны - 176 045. Оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 8 193-ке артқан.
Биылғы жылдың тоғыз айлық қорытындысымен Арал қаласында 100 орындық интернатпен қоса 200 орынға лайықталған №71 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Ауыл-Ел бесігі жобасы аясында Жалағаш ауданында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі тұрғындар игілігіне тапсырылған.


Мектеп пен балабақшада орын тапшылығы жойылады

Өңірде жоба бастау алғалы біршама әлеуметтік нысандардың бой көтергенін байқадық. Келесі кезекте алдағы жоспарлар мен биыл қолданысқа берілетін ғимарттарға тоқталайық. Биыл облыста 4 350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде алты мемлекеттік үш жекеменшік мектеп бар. Өңірдегі Қармақшы №28, №85, №121, Сырдария №42, Жаңақорған №55, Қызылорда №10 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 2,1 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қоса, 47 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, модернизациядан өтеді.
Ал, биыл жыл соңына дейін қосымша бес мектептің және екі балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

(фото: qazaqjoly.kz)

Еліміздің басым бөлігінде өзекті болып тұрған балабақша мәселесі Қызылорада облысында оң шешімін тауып келеді. Бүгінде облыста 3 жастан 6 жасқа дейін балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Ал, 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың қамтылу көрсеткіші 90,7 пайызды құрайды. Өңірде жеке мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі – 73 %. Бүгінгі күні облыстағы 700-ге жуық мектепке дейінгі ұйымда 59 369 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтар саны – 5 909.
Алдағы уақытта балабақшаларда мыңнан аса жаңа орындар ашылады деп жоспарлануда.
Қызылорда облысы білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, мектептердегі педагогтар саны – 23 086, оның 21 851– і жоғары білімді. 14 863 мұғалім жаңа форматтағы біліктілік санатын алған. Оның ішінде педагог-шебер – 29, педагог-зерттеуші – 4 010, педагог-сарапшы – 6 334, педагог-модератор – 4 490. Жоғары санатты – 688, І санат – 2 133, ІІ санат – 1 614, санаты жоқ – 3 788.
Облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған арнайы Жол картасы іске асырылуда. Оған 4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Биыл білім беру ұйымдарында 28 инклюзивтік кабинет, 2 ресурстық орталық, 47 логопункт ашылады.
«Қызылорда облысында 61 қосымша білім беру ұйымы бар. Онда 60 мыңға жуық бала қосымша біліммен қамтылған. 2021-2022 оқу жылында 160 мыңға жуық бала қосымша үйірмемен қамтылып отыр. 2022 жылы аймақта 9 лагерь жұмыс жасайды. Барлық жазғы лагерьде 6 743 бала тынығатын болады.


Қолжетімді медицина - басты міндет

Ендігі кезекте облыстағы денсаулық сақтау нысандарының құрылысына тоқталайық. Ең алдымен жақында ғана бой көтерген Қазалы ауданындағы 250 орындық емхана туралы сөз қозғайық. Жаңадан ашылған нысан соңғы үлгідегі заманауи медициналық техникамен және құралдармен жабдықталған. Ең басты ерекшелігі аталған емханаға көрші Ресей мемлекетінен алынған теңдесі жоқ «Ангиограф» аппараты орнатылған. Бұл коронарография жасайтын аппарат аудандар ішінде тек Қазалыда ғана бар.

(фото: Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтынан алынған)

Жаңа ауруханада білікті дәрігерлер мен тәжірибелі мейірбикелер қызмет көрсететін болады. Емхана құрамында қабылдау бөлімі, педиатрия, жұқпалы аурулар бөлімі, рентгендік диагностикалық бөлім, ортопедия және бронхоскопия, УДЗ кабинеті сынды бөлімдер бар. Сонымен қоса, Қазалы теміржол ауруханасында магнитті-резонанстық томография және компьютерлік томография орталығы ашылды. Өз кезегінде бұл Қазалы тұрғындары үшін өте тиімді. Яғни керекті медициналық тексерістен өту үшін, облыс орталығына барудың қажеті жоқ.
Облыста тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамту мақсатында Арал ауданында компьютерлік томография аппараты сатып алынған. Аталған құрылғының жалпы құны 162 миллион теңгені құрайды. Ол «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 5 жылға қаржы лизингі шартымен алынған. Бұған дейін Арал тұрғындары томография қызметін алу үшін облыс орталығына баратын. Биылдан бастап бұл қызмет өз аудандарында қолжетімді бола түсті.

Ұлттық жоба аясында биылғы жылдың 9 айлық қорытындысымен өңірде төрт денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, пайдалуға берілген. Атап айтар болсақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде бір ауысымда 250 келушіні қабылдауға арналған емхана құрылысы аяқталған. Ауыл-Ел бесігі жобасы аясында Жалағаш ауданы Таң елді мекенінде дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сонымен қоса, Арал ауданы, Мергенсай ауылдық округінде медициналық бекет ғимаратының құрылысы жүргізілді.
Қорытындылай келе, ұлттық жоба аясында атқарылған жұмыстардың тұрғындардың өмір сүру сапасына тигізіп жатқан әсері мол. Ұлттық жоба ұлтымыздың өмір сүру сапасын одан әрі арттырады деп сенім бар.

ERNUR.KZ