ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Солтүстік Қазақстанда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

0
528

Солтүстік Қазақстан облысында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер бар.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Солтүстік Қазақстанда қандай жұмыстар жүргізіліп  жатыр?

ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірін экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Әсіресе, даму деңгейі кенжелеп қалған солтүстік аймақтарға ерекше басымдық берілген. Осы орайда жер-жерде атқарылып жатқан жол сапасын жақсарту, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, азаматтарды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік ахуалды ілгерілету, жұмыс күші көп өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жеткіліксіз облыстарға көшіру, инфрақұрылым желілерін жақсарту сынды жұмыстардың «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп аталатын ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өткеніміз жөн. Ал, бүгінгі мақалада 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылатын ауқымды жоба шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталмақпыз.


Жаңа жобалар


Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жаңа жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Атап өтсек, қазір өңірде 17 сүт фермасы, 3 құс фабрикасы, жылыжай кешені және май экстракциялау зауыты салынып жатыр.


Соның ішінде, биыл кірпіш зауыты мен темір бетон бұйымдары, ірімшік шығаратын сүт зауыты ашылған. Қағаз өнімдерін шығаратын фабрика мен автоклавты газоблоктар кәсіпорны іске қосылады. ДСП, электр қалқанының жабдықтары және жеңіл темір құрылысы сынды жобаларды іске асыру жұмыстары басталады.


Мәселен, Петропавлда жаңа бройлер құс фабрикасының құрылысы басталды. Инвестиция көлемi — 2,5 млрд. теңгені құрайды. Онда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл осымен облыс аумағында салынып жатқан үшiншi құс фабрикасы. Одан бөлек, 2022 жылы Аралағаш және Новокаменка ауылдарында құс фабрикалары iске қосылмақ. Өңір басшылығының айтуынша, облыстың құс етiне деген қажеттiлiгi — 8,5 мың тонна. Қазiр облыста 2,5 мың тонна өнім шығаратын бiр құс фабрикасы бар. 3 жаңа құс фабрикасының iске қосылуы жылына қосымша 16 мың тонна өнiм алуға мүмкiндiк бермек. Осылайша, облыстың қажеттiлiгi толықтай қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, облыста iрiмшiк шығаруға арналған «Eurasian milk» зауыты iске қосылды. 13 млрд. теңге инвестиция тартылған бұл өндіріс орнында 120 тұрақты жұмыс орны құрылып, еуропалық техникалар орнатылған. Жаңа кәсiпорын жылына 2,5 мың тонна iрiмшiк өндiруге қауқарлы. Осы орайда, облыс басшылығының сүт зауыттарын шикiзатпен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын 10 ферма соғуды мақсат етіп отырғанын атап өткен дұрыс. Осы мақсатқа сәйкес, өткен жылы 10 сүт фермасы іске қосылса, биыл 11 кешеннiң құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейiн 8 ферма жұмысын бастамақ. Ал, 2023 жылы тағы да 10 нысанның құрылысы басталады.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында біршама уақыт бұрын жаңа кірпіш зауыты жұмысын бастаған. Мемлекеттің қолдауымен инвесторға 800 млн. теңге көлемінде 4 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп, оған қоса шетелдік қондырғыларды әкелуге салықтан босатылып, 5 жылға тегін жер телімі берілген. Бұл зауытқан 1,8 млрд теңге инвестиция қаралып, 80 тұрақты жұмыс орны ашылған. Тиісінше, зауыт жыл сайын 40 миллион дана кірпіш өндіріп, облыс қажеттілігінің 30 пайызын өтегелі тұр. Сонымен бірге, өңірдегі құрылыс компанияларын Отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында биыл құрылыс материалдарын шығаратын бірнеше кәсіпорын бой көтереді.




Баспана

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 401 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нақтырақ айтсақ, өңірде 50 бюджеттік және коммерциялық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған баспаналар кезекте тұрған азаматтарға, 120 көп балалы отбасы мен 120 жетім балаларға да беріледі. Жалпы, 2026 жылға дейінгі кешенді жоспар бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 3,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Нәтижесінде 144 мың өңір тұрғынының баспана жағдайы жақсармақ. Бұл облыс халқының үштен бір бөлігін құрап отыр.


Осында ауқымды жү\ұмыс жүріп жатқан орындардың бірі – «Копай» ықшам ауданы. Ондағы ескi және тозығы жеткен 117 үй сүрiліп, жаңадан салынады және биыл мұнда тоғыз қабатты тұрғын үйдiң құрылысы басталады. Жалпы, ықшам ауданда 2800 пәтерлi 27 тұрғын үй салу жоспарланған. Жаңа ықшамауданда қажеттi инфрақұрылым, балабақша, мектеп пен емхана салынады.


Ал, «Орталық» ықшам ауданында 924 пәтерден тұратын 10 көпқабатты тұрғынүй салынып жатыр. Қазiр 3 жаңа нысан бой көтерген. Жүзден астам ескi үй сүрiлген. Мұнда да жаңа мектеп, балабақша мен спорт кешенi, университетке арналған үш жатақхана салынады. Оған қоса, «Береке» шағын ауданында 30 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, 2700 пәтер ел игілігіне беріледі.


«Жалпы, өңірде баспана бойынша 50 нысанда құрылыс жұмыстары жүрiп жатса, жыл соңына дейiн тағы 11 нысанда құрылыс басталады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 нысанға көп. 26 бюджеттiк және 24 коммерциялық үйдiң құрылысы жүргiзiлуде. Жыл соңына дейiн 11 үй пайдалануға берiледi. Осы жұмыстардың барлығы тұрғын үй құрылысына инвестицияны 3 есеге өсiруге мүмкiндiк бердi», - деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.



Автомобиль жолдары

Биыл СҚО-да 663 шақырым жол жөнделеді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға бюджеттен 22 млрд. теңге бөлінген.Нәтижесінде облыстағы сапасы жақсы жолдардың үлесі – 81 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Жалпы, 2026 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында 2 мың шақырымнан аса жол жөнделіп, облыстың барлық жолдары қалыпқа келтірілмек.


Ауыз су

Ал, биыл 55 ауылда ауызсу желісін тарту және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған жобаларға 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Тиісінше, ауыл тұрғындарының 84 пайызы сапалы ауызсумен қамтылады. Бұл көрсеткіш 2026 жылы жүз пайызға жетеді деп күтілуде.


Интернет

Өңірде 2 жылда 148 ауылда тұратын 35 мың адам интернетке қол жеткізген. Жалпы, өңірдегі 635 ауылдың 491-і түрлі технологиялар арқылы ғаламторға қосылған. Енді 69 ауыл мобильді интернетке қосылады.



Жұмыс орындарын құру

Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын және өмір сапасын жақсарту тапсырмасын орындау мақсатында да өңірде біршама жұмыс жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық берілген. Сондай-ақ, бұл бағыттардың қатарында жаңа жұмыс орындарын құру есебінен жұмыспен қамтудың түрлі шаралары да бар. Жалпы, облыста 2022 жылы 13 мың жұмыс орнын ашу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 11 мыңнан астамы құрылып қойған. Оның 72 пайызы тұрақты жұмыс орындары.


Сондай-ақ, жұмыспен қамтуды ұлғайту және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық жерлерде 71 млрд. теңгеге 31 инвестжоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 1300-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.


Ал, жастарды еңбекпен қамту «алғашқы жұмыс орны», «жастар тәжiрибесi» және «ұрпақтар келiсiм шарты» жобалары аясында жүзеге асырылуда. Жыл басынан берi 3,5 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылса, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 6 мыңға жетедi деп болжанып отыр. Сонымен бірге, кәсiпкерлiктi дамытудың Ұлттық жобасының аясында тұрғындарды жұмыспен қамту үшiн қаржыландыру 4 есе ұлғайып, қаржы 1,4 млрд. теңгеден 6 млрд. теңгеге дейiн жетті.


Қоныс аударушылар


Ұлттық жоба аясында қоныс аударушыларға жұмыс орындарын ашу және бизнес идеяларын жүзеге асыру басты міндеттердің бірі болып саналады. Осы уақытқа дейін облысқа 11 мыңнан астам адам көшіп келіп, олардың80 пайызы ауылдық жерлерге қоныстанған. Ол азаматтарды жұмысқа орналастырып қана қоймай, кәсіппен айналысуға ынталандыру жұмыстары да жүргізілуде. Нәтижесінде 500-ге жуықотбасы қайтарымсыз грант пен несие алып, өз кәсібін ашқан.


Ал, биыл өңірге 2500 адам қоныс аударады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 200 отбасы өз кәсібін ашуға ниет білдіріп отыр. Бұл бағытқа мемлекет 3 млрд. теңге қарастырылған.


Айта кетейік, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру үшін ел қазынасынан 2021–2025 жылдарға 7 567 408 245,0 мың теңге қарастырылған. Осы орайда еліміздің әр аймағында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.