Үш аурухана қабылдамай қойған: Ақтөбеде 5 жасар қыз көз жұмды

0
180

Қыздың туыстары оны бір күнде үш бірдей ауруханаға апарған.


Үш аурухана қабылдамай қойған: Ақтөбеде 5 жасар қыз көз жұмды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде бес жасар бүлдіршіннің өлімі туыстарын есеңгіретіп тастады. Жақындары мезгілсіз қазаны дәрігерлердің салғырттығынан көреді. Олар қызуы көтеріліп, әлсіреп қалған баланы ауруханаға жатқыза алмай сенделген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көз жұмған қыз баланың нағашы әжесі Әсия Ирғалиеваның сөзінше, олар қыздарын бір күнде үш бірдей ауруханаға апарған.
"Жедел жәрдем шақырып екінші, үшінші ауруханаға сілтеп жібереді. Әрқайсысы әртүрлі диагноз қойды. Бұл жауапсыздық! Баланың қазасын бұлай айтып, шу жасағымыз келмеген еді... Бірақ бұл жағдайға жауап берілу керек деп ойлаймыз. Қазір іс прокуратурада. Соңына дейін жеткіземіз. Мұндай періштелердің өлімі әдеттегі жағдай болып қалмау керек.
Құлынымыздың өмірі қыршынынан қиылды. Оған анасы қыстық етігін алып берген еді. Күнде сол етікті үйде киіп "Қашан қар түседі?" деп күтіп жүрген. Әр қылығы көз алдымызда. Орны, төсегі бос тұрады. Мұндай сәби өлімі енді ешқашан болмаса екен", -дейді көз жасын тоқтата алмаған Әсия Ирғалиева.

Қайғылы жағдай 13 қазанда тіркелген. Бес жастағы қыз бала жедел жәрдем көлігімен үш бірдей аурухананың арасында жүрген. Баланың өзін жайсыз сезінуі балабақшадан басталған.
Нағашы әжесі жағдайды былайша баяндайды.
"Сол күні бейсенбі болатын. Тәрбиешілер қызыма хабарласып, баланың тамағы қызарып, қызуы көтеріліп тұрғанын айтқан. Мамасы үйге келгенде температурасын түсіріп, ертеңіне емханаға апарды. Ондағы дәрігерлер де тамағы ауырып жүрген айтып дәрі жазып берген. Баланың жағдайы жақсармады. Үйге келгенде қолының ауыратынын айтып жүрген.
Ертеңіне сенбі болғандықтан қызым жедел жәрдем шақырып, облыстық балалар ауруханасына барды. Баланың сол жақ қолы жұмыс істемей қалған. Дәрігерлердің инсульт деп жазып жатқанын көрген қызым жылап, бізге хабарласты. Бәріміз ауруханаға бардық. Бірақ баланы аурухана жатқызған жоқ", - дейді нағашы әжесі.
Алғаш барған облыстық балалар ауруханасында қыз бала ұзақ уақытын жоғалтады.
"Ауру баламен аурухананың дәлізінде 3-4 сағаттай күткізді. Томографияға түсіргеннен кейін қайтадан инсульт емес деп шықты. Баланы қайта қарап "Менингит, жедел жәрдем шақырдық, қазір инфекциялық ауруханаға барасыздар" деді. Инфекциялық аурухана дәрігерлері айқайлап, бала менингит емес, өкпенің қабынуы деп қайтадан жедел жәрдем шақырды. Ол жерде де жедел жәрдемді ұзақ күтіп, қалалық балалар ауруханасына келдік.
Ол жерде де бізге жаны ашып күтіп алған адам болмады. Демалыс күн болғандықтан аурухана меңгерушісін екі-үш сағаттай күтіп отырдық. Ол келгеннен кейін тағы жедел жәрдем шақырып, бізді қайтадан инфекциялық ауруханаға жіберетіндерін айтты.
У-шу болып жүргенде балаға системе қойды. Бала әбден әлсіреп қалды. Кейін жедел жәрдеммен қайтадан инфекциялық ауруханаға келдік. Олар айқайлап әрең қабылдады. Бала әбден әлсірегенде ғана жансақтау бөліміне жатқызды. Түңгі сағат 2-де реаниматологтың өзі келіп әлі балаға диагноз қоя алмай жатқанын айтқан. Бала көз жұмды", - дейді Әсия Ирғалиева.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бала өліміне қатысты арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.

"Облыстық денсаулық сақтау басқармасы марқұм баланың туысқандарына қайғыра көңіл айтады. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша тәуелсіз комиссия жұмыс істеуде. Баланы бірнеше ауруханаларға бағыттау және кеңес беру себептері анықталып жатыр. Өлімнің себебі вирустық инфекция, миға зақым келген", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет