Ұшақ Алматыны бір сағат айналып ұшты: Air Astana не болғанын түсіндірді

0
1 026

​Қалада тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен оқу-жаттығу өткен, ұшақ бортында жолаушылар мен бортсеріктер болмады.


Ұшақ Алматыны бір сағат айналып ұшты: Air Astana не болғанын түсіндірді

ERNUR.KZ. Сәрсенбіде Air Astana ұшағы бір сағат бойы Алматы аспанын айналып ұшты. Flightradar24 мәліметінше, әуе кемесі қаланы бірнеше рет айналған, деп жазады sputniknews.kz.

Әуе компаниясы бұл оқу-жаттығу екенін мәлімдеді.

"Алматы аспанын айналып ұшу кезінде аэродромдық дайындық жасалды, бұл жаңадан келген ұшқыштарға – курсанттар немесе ұшақтың басқа түрлерін басқарған ұшқыштарға арналған ұшу дайындығының бір бөлігі болып саналады", - деп түсіндірді Air Astana баспасөз қызметі.

Аэродромдық дайындыққа "конвейерден" ретті ұшу (қонғаннан кейін ұшу-қону жолағында тоқтамай), схема бойынша Алматы әуежайы аймағында айналып ұшу, кейін қонып, екінші айналымға кету кіреді.

Кадеттің дайындық дәрежесіне қарай, әр ұшқыш күніне төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұшады.

"Қазіргі таңда жаңа ұшқыштар көптеп келіп жатқанына байланысты мұндай оқу-жаттығу айына 2-4 мәрте өткізіледі", - деп атап өтті Air Astana.

Мамандар оқу-жаттығу тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен өтетінін баса айтты. Сонымен бірге бортта жолаушылар мен бортсеріктер болмайды.