Ұжымдық бітімгершілік күштері Алматыдағы жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды - Сағынтаев

0
432

Қала әкімінің айтуынша, бұл күндері бітімгерлер ауқымды жұмыс атқарды.


Ұжымдық бітімгершілік күштері Алматыдағы жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды - Сағынтаев

ERNUR.KZ. Алматыда Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салу рәсімінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі. Онда ол ҰҚШҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық тәртіпті орнатуға және террористік қауіп-қатерді жеңуге жәрдемдесу үшін бітімгершілік контингентін тарту туралы үндеуін бірауыздан қолдағанын еске салды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қала әкімінің айтуынша, бұл күндері бітімгерлер ауқымды жұмыс атқарды.

«Бірінші кезекте маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің күзеті мен қорғанысын күшейту бойынша бекітілген учаскелерде құқықтық тәртіпті сақтауға көмек көрсетілді. Мұның бәрі Алматыдағы жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды», – деп атап өтті ол.




Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев қаланың тыныс-тіршілігінің барлық салаларын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтты.

Еске салсақ, бүгін Алматыда Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салу рәсімі өтті. Оған ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.