Вакцина вирустан 100% қорғамайды, бірақ ағзаны вируспен күресуге дайындайды - дәрігер

0
384

Адам иммундаудан толық өткенмен вирус жұқтыруы мүмкін.


Вакцина вирустан 100% қорғамайды, бірақ ағзаны вируспен күресуге дайындайды - дәрігер

ERNUR.KZ. Елордалық №10 емхананың алдын алу қызметінің басшысы Данияр Қабыкенов вакцина - пандемиямен күрестегі жалғыз қару екенін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Қазір әлемде халықты вакцинациялау жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Кейбір елдерде иммундау жүйесі тіпті міндеттелді. Вакцина ондаған жылдар бойы адам өмірін қауіпті аурулардан аман сақтап келе жатқанмен оның тиімділігіне күмән келтіретіндер бар. №10 қалалық емхананың алдын алу қызметінің басшысы Данияр Қабыкенов вакцина пандемиямен күрестегі жалғыз қару болып саналатынын айта келе оның қандай принцип бойынша жұмыс істейтінін түсіндіріп берді.

Данияр Қабыкеновтің айтуынша вакцина кез келген вирустан 100% қорғамайды. Бірақ ағзаны сол вируспен күресуге дайындайды.

«Вакцинаның құрамына ауруды тудыратын белсенді емес микроорганизмдер кіреді. Осының арқасында имунды жүйе ағзаға енген қауіпті сезіп, антидене бөледі. Бұл қауіпті вируспен күресуге мүмкіндік береді. Вакцинаның өзі ауру қоздырғыш бола алмайды. Дегенмен вакцинацияның кейбір жағдайларында дене қызуы көтерілуі, әлсіреуі, ине салған жері ісуі мүмкін. Ал ең бастысы – адам вакцинаның арқасында ауруға қарсы иммунитет алады. Міне, дәл осы себепті вакцина түрлі аурулармен күресудің тиімді әдісі болып саналады. Ол вирустың адам азғасында өсуіне жол бермейді», - дейді ол.

Адам иммундаудан толық өткенмен вирус жұқтыруы мүмкін.

Бірақ вакцина алған пациент инфекция жұқтырған жағдайда екпе алмағандармен салыстырғанда ауруды жеңіл өткізеді.

Оған дәлел – тұмауға қарсы вакцина. Вакцинациядан кейін адам тұмаумен ауырған жағдайда ешқандай асқынусыз, жылдам емделеді.