Вакцинаны сынақтан өткізуге еріктілер іздестірілуде

0
662

Клиникалық сынаққа қатысушылар 18-50 жас аралығында болуы тиіс.


Вакцинаны сынақтан өткізуге еріктілер іздестірілуде

ERNUR.KZ. Қазақстанда жасалған коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуге еріктілер іздестіріліп жатыр. QazCovid-in деп аталатын екпені салдырамыз деушілер Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ғылыми зерттеу институтына өтініш беруі тиіс, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Клиникалық сынаққа қатысушылар 18-50 жас аралығында болуы тиіс. Еріктілер ешқашан коронавирусқа шалдықпаған болуы, тіпті соңғы 14 күнде індет жұқтырған азаматтармен байланыста болмауы қажет.

Созылмалы аурулары, аллергиясы бар азаматтар, ішімдік пен есірткіге құмар және психикалық ауытқушылығы бар азаматтар да сынаққа қатыса алмайды. Жүкті әйелдер мен бала емізетін жас аналардың да ерікті түрде екпе салдыруына тыйым салынған.

Ал денсаулығы мығым, іріктеуден іркілмей өткендер келісімге қол қойып, күн сайын өз денсаулығы жайлы күнделік жүргізіп, бірнеше апта бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Оларға сақтандыру да қарастырылған. Ал ақша туралы әңгіме жоқ.

Отандық ғалымдар ойлап тапқан вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық сынақтан өткізуге болатын екпелер қатарына енгізген болатын.