​Вице-министр сот орындаушылар жұмысының басты кемшіліктерін атады

0
1 316

Жанат Ешмағамбетовтың айтуына қарағанда, есепті кезеңде сот орындаушыларының орындауында 4 трлн 442 млрд теңге сомасындағы шамамен 3 млн құжат болған.


​Вице-министр сот орындаушылар жұмысының басты кемшіліктерін атады

ERNUR.KZ. Алименттік шағымдардың уақтылы қаралуы, азаматтарды қабылдау, мемлекетке тиісті соманы өндіру жөніндегі тапсырмаларды барлық департаменттер қамтамасыз еткен жоқ. ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен өтіп жатқан алқа отырысында Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов осылай деді, деп жазады ҚазАқпарат .

«Сот орындаушылар қызметінің тиімділігін жетілдіру үшін біз Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасына тиісті заңнамалық түзетулер әзірледік. Аталған түзетулер сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға, уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің бақылауын күшейтуге, жекелеген нормаларды нақтылауға бағытталған», - деді вице-министр.

Жанат Ешмағамбетовтың айтуына қарағанда, есепті кезеңде сот орындаушыларының орындауында 4 трлн 442 млрд теңге сомасындағы шамамен 3 млн құжат болған.

«2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өткен жылы толық көлемде орындалған құжаттардың жалпы көрсеткіші 11 пайызға көбейді. Министрліктің 2018 жылға арналған Стратегиялық жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізілді. Жоспарлы көрсеткіш 59 пайыз бола тұра, толық көлемде орындалған құжаттардың үлесі 68,7 пайызға жетті», - дейді ол.

Вице-министрдің сөзінше, 2017 жылмен салыстырғанда бюджетке түскен сома көрсеткіші 10 пайызға артқан (2017 жылғы 20 млрд теңгеден 2018 жылы 22 млрд теңгеге дейін).

«Десе де, мен көрсеткен оң нәтижелерге қарамастан, аумақтық департаменттерде төмен атқарушылық тәртіппен байланысты бірқатар мәселе бар. Алқа қорытындысы бойынша істердің әлеуметтік маңызы бар санаттары жөнінде, атап айтсақ алименттер, шағымдар мен арыздардың уақтылы және сапалы қаралуы, азаматтарды қабылдау және мемлекет кірісіне сомалардың барынша өндірілуі жөнінде қабылданып жатқан шаралардың толықтығын қамтамасыз ету тапсырылғанын ескерген жөн. Көрсетілген тапсырмалардың тиісінше орындалуын барлық департаменттер қамтамасыз еткен жоқ», - дейді Жанат Ешмағамбетов.