"Ырду-дырдумен әлі келе жатырмыз": Сағынтаев қандай мәселе шаршатқанын айтты

0
2 383

​Әкімнің айтуынша, жұмысты жүргізіп жатқан министрлік мердігерлермен келіскен, алайда олар бөлінген қаржыны игере алмай отыр.


ERNUR.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуінде "Алтын Орда" жол айрығы құрылысына қатысты сауалға жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Кездесуде Наурызбай ауданының тұрғыны "Алтын Орда" маңындағы кептеліс мәселесін шешуді сұрады.


"Мен Алматы облысында тұрамын, Алматыда жұмыс істеймін. Сауалым "Алтын Орда" мәселесіне байланысты. Күніне 2 сағат қалаға барамын, 2 сағат үйге қайтамын. Күніне 4 сағат өмірім жолда өтіп жатыр. Ол жерде менің денсаулығым да, жүйкем де қалып жатыр. Әрине, маңызды адамдар өткенде жолдың бәрі бос тұрады. Ал біз сияқты қарапайым халық қиналады. Адамдардың қаншалықты наразы екенін көріп отырған боларсыз. Сондықтан осы мәселені шешіп берсеңіз. Шаршатты мына жақ", - деп қынжылды тұрғын.


Қала әкімі бұл мәселенің өзін де шаршатқанын айтты.

"Бауырым, шынын айту керек, Алтын Орданың жол айрығы бәрімізді шаршатты. Мен қалаға келгелі "Алтын Орда" қашан шешіледі дегенді естіп келе жатырмын. Өкіншке қарай, "Алтын Орда" жол айрығы қалаға жатпайды, ол Алматы облысының жері. Мен де өзің сияқты "қашан, қашан, қашан" деп айғайдың үстінде жүрмін", - деді Сағынтаев.

Айтуынша, жұмысты жүргізіп жатқан министрлік мердігерлермен келіскен. Алайда мердігерлер бөлінген қаржыны игере алмай отыр.


"Мердігердің күші жетпей ме, басқасы ма, берген ақшаны игермейді. Сол ырду-дырдумен әлі келе жатырмыз. Өткенде қалаға премьер-министр келді. Бұл мәселені тағы көтердік. "Алтын Орданы" бітетін болсақ, бір мәселені шештік деп есептейміз. Қаскелеңнің жолындағы кептеліс тоқтайды. Кішкене болсын халықтың наразылығын тоқтатамыз. "Ақша бар, бәрі бар. Неге бітпейтін шаруа?" деп келе жатырмыз. Министр жылдың соңына дейін бітіреміз деп айтты", - деді Сағынтаев.


Қала әкімі біраз жылдан бері шешілмей жатқан мәселе бойынша сабырлық танытып, күтуге шақырды.

Айта кетейік, "Алтын Орда" жол айрығының құрылысы 2017 жылы басталған еді.