Зейнет жасын төмендету: министр талқылаудың алдын ала нәтижесі туралы айтты

0
526

​Жылдың соңына дейін Әлеуметтік кодекс қабылданады. Осы құжаттың аясында зейнетке шығу жағынан қосымша жеңілдіктер қарастырылады.


Зейнет жасын төмендету: министр талқылаудың алдын ала нәтижесі туралы айтты

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесін талқылаудың алғашқы нәтижелері туралы айтты, деп жазады sputnik.kz.

Бұған дейін министр бір топ белсенді әйелдермен кездесіп, зейнет жасын төмендету мәселесін талқылаған болатын.
Дүйсенованың айтуынша, сол кездесуде белсенділер де, министрлік те өз ұсынысын жасады.
"Оларға біздің ұсыныстарымыз да ұнады. Қазір жұмыс тобы аясында жұмысты жалғастырып, есеп-қисапты жасап жатырмыз. Кез келген әлеуметтік қолдауға ақша керек қой. Оны бәріміз жақсы білеміз. Қазір таймаут алып, бәрін есептеп шығуға келістік. Сол кезде нақты қай ұсыныстың тиімді болатынын білеміз. Сосын нақты бір шешімге келгеннен кейін сол әйелдермен бірге шығып, барлық ақпаратты береміз", - деді Дүйсенова сенаттағы парламенттік тыңдаудан кейін журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда тілшілер әйелдермен басқа тағы қандай санаттарға зейнетке ерте шығуға мүмкіндік берілетінін сұрады. Ал министр қазіргі заңнамада зейнетке ерте шығудың нормасы бар екенін еске салды.
Қазақстандықтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Бірақ шотта қажетті жинақтың сомасы болуы керек. Алдағы уақытта осы нормаға өзгеріс енгізілуі мүмкін.
"Қолданыстағы заңнамада 50 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беріледі. Алайда зейнетақы жинақтарына қатысты мәселе бар. Қазір біз соны қарастырып жатырмыз", - деп атап көрсетті Дүйсенова.
Айта кетері, Қазақстанда зейнет жасын төмендету мәселесін кеңінен талқыланып жатыр. Әйелдер зейнетке шығу жасын 55-ке немесе 58-ге дейін төмендетуді сұрайды.
Бұдан бөлек, зиянды және ауыр өндірісте істейтін жұмысшылар да зейнет жасын төмендетуді талап еткен.