Жайық өзенінде катерлер соқтығысынан зардап шеккен 6 жасар баланың жағдайы ауыр

0
298

Оқиға кеше, 3 шілдеде кешкі мезгілде болған. Катердің бірінде 10, екінші қайықта 25 адам болғаны анықталған.


Жайық өзенінде катерлер соқтығысынан зардап шеккен 6 жасар баланың жағдайы ауыр

ERNUR.KZ. Жайық өзенінің үстінде екі катердің соқтығысынан зардап шеккен 1 ересек, 3 бала ауруханада жатыр. Ал, 6 жасар баланың жағдайы ауыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Оқиға кеше, 3 шілдеде кешкі мезгілде болған. Катердің бірінде 10, екінші қайықта 25 адам болғаны анықталған.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, Жайық өзенінде екі катердің соқтығысынан кейін 7 адам ауруханаға жеткізілген.

«Кеше Атырау облыстық ауруханасына медициналық көмек алу үшін 3 науқас жүгінді. Оның 2-еуі амбулаторлы ем қабылдауға үйіне жіберілді. Қазір аурухананың лор бөлімінде 1 адам ем қабылдап жатыр. Ал, облыстық балалар ауруханасына 4 бала жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруінен соң 1 бала амбулаторлы ем-дом қабылдау үшін үйіне шығарылды. Аурухананың жансақтау бөліміне түскен 2017 жылғы науқастың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр. Ал, 2009, 2007 жылғы жасөспірімдер әр түрлі дене жарақатын алған», -деп хабарлады Алмагүл Әбілова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінде екі катер соқтығысып, 9 адам ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Жайық өзенінің үстінде екі катер соқтығысқан. Осыған орай ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігімен (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.