Жалақыдан ұсталатын табыс салығының мөлшері өзгеруі мүмкін – жұмыс тобы құрылды

0
761

​Қазір әртүрлі реформалар жүргізіліп жатыр. Сол жұмыстың нәтижесінде салық қандай мөлшерде және қандай жалақыға салынатыны туралы шешім шығарылады.


Жалақыдан ұсталатын табыс салығының мөлшері өзгеруі мүмкін – жұмыс тобы құрылды

ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі жалақыдан ұсталатын табыс салығының мөлшерін қайта қарастыруға кірісті. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев айтты, деп жазады sputnik.kz.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер жалақының көлеміне қарай салық төлеу мәселесін көтерді.

"Жалақының айырмашылығына қарай салықтың көлемі өзгере ме? Қазір ең төменгі жалақы алатын азаматтардан да жеке кіріс салығы алынады. Мысалы 50 мың алатын адам мен 500 мың теңге жалақы алатын азамат бірдей көлемде салық төлеуге міндетті. Салық реформасында осы мәселе қарала ма? ", - деп сұрады тілшілер төраға орынбасарынан.

Іңкәрбаевтың айтуынша, қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы бұл мәселені қарастыруға кіріскен.

"Әрине, қазір әртүрлі реформалар жүргізіліп жатыр. Қаржы министрлігі экономика министрлігімен осы мәселені қарастырып жатыр, арнайы жұмыс тобы құрылды. Сол жұмыстың нәтижесінде салық қандай мөлшерде және қандай жалақыға салынатыны туралы шешім шығарылады. Әзірге ақпарат беруге ерте деп ойлаймыз", - деді ол.

Тоқаевтың тапсырмасы

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізуді тапсырған. Алматыға жұмыс сапары барысында бұл бастаманың маңыздылығын тағы бір мәрте түсіндірді.

Президенттің пікірінше, бұл жаңалықтың мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Мұндай жүйе бірқатар мемлекетте қолданылады.

"Қасым-Жомарт Тоқаев айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығын 7 проценттік мөлшерлеме бойынша төлеуге тиіс деп санайды. Яғни, қазіргі 10 ппроценттік мөлшерлемеден төмен болады. Ал айына 300 мың теңгеден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 проценттік мөлшерлеме сақталады", - деп жазды Уәли.

Президент жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін проценттік мөлшерлеме көлемі артуға тиіс деген пікірде. Мөлшерлеме көлемін үкіметтің комиссиясы анықтайды.

Бұл ретте мемлекет басшысы жеке табыс салығының проценттік мөлшерлемесінің жоғарғы шекті деңгейі 15 проценттен аспауы керек деп есептейді.