Жалдамалы пәтерлерді тексеру шаралары басталды

0
269

21 қыркүйектен бері Солтүстік Қазақстан облысында Ресейден келген 30 мыңнан астам адам тіркелді.


Жалдамалы пәтерлерді тексеру шаралары басталды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында ресейліктердің ағылуына байланысты жалдамалы пәтерлерді тексеру шаралары басталды, деп жазады sputnik.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, 21 қыркүйектен бері Солтүстік Қазақстан облысында Ресейден келген 30 мыңнан астам адам тіркелді. Қазіргі кезде келушілердің саны азайды. Себебі Ресей жақтан әскери міндеті бар азаматтарды бақылау шаралары күшейген.
Дегенмен, солтүстік өңірге келген ресейліктер аз емес. Біреулер транзитпен басқа елге ұшып кетуді көздесе, енді біреулер жұмыс іздеуге кірісті. Бірақ баспана мәселесі қиын болып тұр, көбісі вокзалда түнеуге мәжбүр.
Ал Солтүстік Қазақстан облыстық полиция депаратментінің көші-қон басқармасы тексеріс шараларының басталғанын жариялады.
"Қазіргі кезде учаскелік инспекторлар, көші-қон қызметі, прокуратура мен әкімдік қызметкерлері кіретін мобильді топтар құрылды. Олар кәсіпорындарды, ұйымдарды, хостелдерді, қонақ үйлерді, сондай-ақ, адам көп тұратын пәтерлерді тексереді", - дейді басқарма бастығының орынбасары Ермек Нүсірбаев.
Айта кетері, көрші елде ішінара мобилизация жарияланған сәттен бастап Қазақстанға 98 мыңға жуық ресейлік кірген. Ал шығып кеткен ресейліктердің саны 64 234 адамды құрап отыр. 21 қыркүйектен бері 8 мың резидент емес адам жеке сәйкестендіру нөмірім алған.