Жалпықалалық сенбілікте елордадан 1 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

0
597

Елорда бойынша барлығы 8 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.


Жалпықалалық сенбілікте елордадан 1 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

ERNUR.KZ. Бүгін Астанада жалпықалалық сенбілік өтті. Оған қаланың 62 мыңнан астам тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік орган қызметкерлері мен бизнес өкілдері қатысты, деп жазады inform.kz.

«Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында өтіп жатқан сенбілікке қатысқан қала тұрғындары бүкіл кіреберістер мен өз аулаларының тазалығына атсалысты.
«Бүгін сөмкемізді арқалап, қолғаптарымызды киіп, қолымызға күрек алып, жалпы сенбілікке шықтық. Тіпті балалар да бізбен бірге қоқыс жинады. Ағаштардың түбі әктеліп, ретке келтірілді. Тазалықтың орнағанына қуанып отырмыз. Әрі мұндай іс-шаралар көршілерді бір бірімен жақындастыра түседі», - дейді елорда тұрғыны Бақыт Құспетова.
Мердігерлік ұйымдар шағын сәулет нысандарын, ескерткіштер мен мүсіндерді, қоқыс алаңдары мен контейнерлерді жуу және қалпына келтіру жұмысын жүргізді.
Сенбілік кезінде 5 ауданның әрқайсысына ағаштар мен бұталар егілді. Оның ішінде жапырақты ағаштарға басымдық берілді.
Елорда бойынша барлығы 8 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.
«Экологиялық айлық аясында ауданымызда сенбіліктер үнемі өткізіліп тұрады. Оның барысында жасыл желектер отырғызылады. Қала тұрғындарын сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырамыз. Ал өз тарапымыздан қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Ең бастысы - жақсы көңіл-күймен келіп, ауданды көгалдандыруға үлес қосуы керек», - дейді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедияр Қожекенов.
Сенбілік барысында Президент саябағында ағаш отырғызуға түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Олардың арасында дипломатиялық корпус, Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті, «Қазақстандық стандарттау және метрология институты», «Qazaq Air» АҚ, Ардагерлер кеңесі және басқалар бар.
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич те бүгін сенбілікке шықты.
«Бәріміз Астананың жасыл қалаға айналғанын қалаймыз. Осыған атсалысып, ағаш отырғызғаныма қуаныштымын», - деп атап өтті Кэти Лич.
Сенбілік барысында елорда 1 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Қаланың 3,3 млн шаршы метрден астам жері тазартылды.