Жамбыл облысында қаңғыған иттер талаған екі адам ауруханаға түсті

0
478

Облыста биыл екі жарым мыңнан астам иесіз ит ауланыпты.


Жамбыл облысында қаңғыған иттер талаған екі адам ауруханаға түсті

Жамбыл облысында иесіз иттердің тұрғындарға шабуылы жиіледі. Демалыс күндері қаңғыған иттер талап тастаған екі адам ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Айша бибі ауылы маңынан өтіп бара жатқан жолаушылар 20 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызды иттер талап жатқан жерінен құтқарып қалды. Олар бір топ иттен жанұшыра қашқан қызды көріп көмекке ұмтылыпты. Ал кеше қала маңындағы Барысхан алқабында мектеп оқушысын қаңғыған иттер қапқан. Жеткіншекті көршілері құтқарып қалған. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді.
Ал облыстық ветеринария басқармасы иттер шабуылдаған екі аймаққа да арнайы бригада жіберіліп, жүзге жуық иттің көзін жойдық дейді. Биыл жедел желіге мамандардан көмек сұраған мыңға жуық қоңырау түскен. Облыста биыл екі жарым мыңнан астам иесіз ит ауланыпты.
"Тек қаңғыбас ит қана емес, жер үйдегілердің де иті бар. Егесі бар иттер. Көбінесе байланбайды. Қалай болса солай ұстағаннан кейін осындай иттер көбейіп жатыр. Салыстырмалы түрде алып көрсек, зардап шеккен адамдардың жартысынан көбісін иесі бар ит талаған", - дейді Жамбыл облысы ветеринария станциясы директорының міндетін атқарушы Ғабит Кебеев.