Жамбыл облысында су қоймасынан әйел адам мен сүңгуірдің денесі іздестіріліп жатыр

0
732

Екі ай бұрын жоғалған 23 жастағы келіншек пен оны он төрт күн бұрын іздеп жүріп жоғалып кеткен сүңгуірдің денесі әлі табылған жоқ.


Жамбыл облысында су қоймасынан әйел адам мен сүңгуірдің денесі іздестіріліп жатыр

ERNUR.KZ. Жамбыл облысына қарасты Тасөткел су қоймасынан 23 жастағы әйел мен сүңгуірдің денесі он төрт күннен бері әлі іздестіріліп жатыр. Су қоймасы маңын 100-ге жуық ерікті мен құтқарушылар мұқият іздеп жатқанымен, қазірше еш нәтиже болмай тұр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жамбыл облысында екі ай бұрын үйінен шығып кеткен 23 жастағы келіншекті тәртіп сақшылары жер-көктен іздегенімен, әзірге еш нәтиже жоқ.

Шу ауданының тұрғыны Гүлдана Санақбайдың туыстары оны бұрынғы күйеуі ұрлап әкетті деп күдіктенеді. Өйткені із-түзсіз кеткен келіншек ең соңғы рет сонымен бірге көлікке мініп, сол күйі оралмаған.

Гүлдана Санақбайдың бұл ең соңғы рет көзге көрінуі. Ол 11 ақпан күні Алматыға жолға шығамын деп жұмыстан үйіне ерте қайтады. Жолай оны-мұны алу үшін сауда орталығына соғады. Мына видеодан 23 жастағы келіншектің ақ «Ауди» көлігіне отырғаны анық көрінеді.

«Орталықтан шығып, бұрынғы жолдасы Қалқан Берікпен бірге бір көлікке отырғаны бар. Одан кейін көрген-білген адам жоқ», - дейді Гүлдананың анасы Индира Тілеубаева.

Индира Тілеубаева қызын бұрынғы күйеу баласы ұрлап кетті ме деп күдіктенеді. Оның айтуынша, Гүлдана алты жыл бұрын тұрмыс құрған. Бірақ беташардан кейін көп ұзамай күйеу баласы істі болып, бес жарым жыл жазасын өтеп шыққан. Кейін ерлі-зайыптының діни көзқарасы сәкес келмей, ақыры ажырасып тынған. Алайда бұрынғы күйеуі Гүлдананы қорқытып, соңынан қалмай қойыпты.

Із-түзсіз кеткен келіншектің бұрынғы жолдасынан 6 жастағы баласы бар. Оны қазір әжесі бағып отыр. Мұхамедәлі анасының жоғалғанын жуырда ғана естіген. Бұған дейін оған шешесі іс-сапарда деп алдап келіпті. Енді ол анасының табылып, үйге оралғанын тағатсыздана күтіп жүр.

Айта кетерлігі, Гүлдана мінген көлікте күйеуімен бірге тағы екі жігіт болған. Бәрі бір ауыздан 23 жастағы келіншекті туысының үйіне жеткізіп салдық деп түсініктеме берген. Осыған иланған тәртіп сақшылары оларды күдікті деп қарамаса керек. Ал полицейлер тек дерекке қатысты қылмыстық істің қозғалғанын, алайда тергеу құпиялығына байланысты өзге мәліметтің жария етілмейтінін айтады. Тек бір белгілісі, келіншектің телефоны су қоймасы маңында өшкен екен. Сондықтан оны сүңгуірлер көмегімен іздемек болған.

Алайда Гүлдана Санақбайды Тасөткел су қоймасынан іздеп жатқан сүңгуірдің бірі суға кетіп, денесі он төрт күннен бері табылмай жатыр.

«Сүңгуірлер полицейлердің сұраныс хатында көрсетілген төңіректі сүзіп шығуға кіріскен. Кешке тақау іздеу аяқталар тұста кенеттен жел тұрып, екі метрлік толқын пайда болған. Асау ағыс 50 жастағы сүңгуір мінген қайықты қойманың ортасына қарай тартып әкеткен. 20 жылдық тәжірибесі бар Жұмағали Әбдірахманов кері қайта алмасын түсініп, желдің бағытымен жүре берген. Ол сол бойда оралған жоқ. Тіс қаққан маманның қалай суға батып кеткені түсініксіз. Жарты сағаттан кейін қарсы жағалаудан оның құтқару жейдесі мен мотор қайығы табылған. Ал өзі он төрт күннен бері іздестіріліп жатыр. Алматы облысынан да құтқарушылар көмекке келді», - деп атап өтті Жамбыл облысы ТЖД бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев.

Қазіргі уақытта аталған аумақтан екі бірдей адамның денесін табуға 100-ге жуық құтқарушы мен екі тікұшақ жұмылдырылды.