Жамбыл облысының экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері өсіп келеді

0
422

2022 жылы Жамбыл облысының экономикалық өсімі 105,5 пайызды құраған.


Жамбыл облысының  экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері өсіп келеді

фото: ашық дереккөзден

Соңғы жылдары елімізде инфрақұрылымды дамытумен қатар, экономиканы әр­тараптандыру мәселесіне көбірек көңіл бөлінуде. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде экономиканың сапалы дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынған. Аталған кешенді шаралардың арқасында өңірлердегі түйткілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Оның ішінде тұрғындардың сапалы өмір сүруіне бағытталған шараларға басымдық беріліп отыр.

Ендеше еліміздің оңтүстігінде орналасқан Жамбыл облысының даму көрсеткіштеріне тоқталайық.

Жамбыл облысы — Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан облысы. Шығысында Алматы, батысында Түркістан, солтүстігінде Ұлытау және Қарағанды облыстарымен және оңтүстігінде Қырғызстанның Талас пен Шу облыстарымен көршілес. Облыстың аты қазақ және кеңес ақыны Жамбыл Жабайұлының құрметіне қойылған. Жамбыл облысының территориясы Бетпақдаладан Тәңір тауына, Шудан Қаратауға дейін созылып жатыр. Жер аумағы — 144,2 мың км².
Негізінен Жамбыл облысы өнеркәсіптік-аграрлық аймақтардың қатарына кіреді. Осы себепті облыс экономикасында өңдеу өнеркәсібі маңызды рөл атқарады. Нақтырақ айтсақ, өңірде фосфориттер, түсті металл, көмір, алтын және газ кен орындары сынды пайдалы қазбалар бар.




2022 жылы Жамбыл облысының экономикалық өсімі 105,5 пайызды құраған. Ал, облыстық бюджеттің кірісі 557,7 миллиард теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға артық орындалған. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 3,3 есеге, химия өнеркәсібі – 7,7 пайызға артты.
Облыс аумағында «Ауыл - Ел бесігі» жобасы бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтатын болсақ, былтырғы жылы өңірде аталған жоба аясында 150-ге жуық жоба жүзеге асырылған. Өткен жылы жоба аясында біршама әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілген. Сондай-ақ, 10 мектеп, 8 денсаулық сақтау нысаны, 6 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Ал, биыл «Ауыл - Ел бесігі» жобасы бойынша 80-ге жуық елдімекен қамтылып, 246 инженерлік-инфрақұрылымдық жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Одан бөлек, 185,8 шақырым ауылішілік көше жөндеуден өтеді.




Жамбыл облысында жаңа өндіріс орындарын ашу және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Тарқатып айтар болсақ, биыл ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 238 миллион құрайтын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында сүт-тауарлы фермасы, құс, балық шаруашылығы, жем-шөп дайындау цехы және жылыжай бар.
Бүгінде облыс аумағында балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында 20-ға жуық инвестициялық жоба қолға алынған. Нәтижесінде 2025 жылға қарай тауарлы балық өндірісін 3 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, өңірде KIDF қоры және Masdar компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жел электр станциясын салу жоспарлануда. Ал, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС кәсіпорынының қуаттылығын жылына 8 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде.
Бұдан бөлек, өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Облыста «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы басталғалы 5 мыңға жуық жоба іске асырылған. Жобалардың жалпы құны 173,1 миллиард теңгені құрайды. Ал, 2021 жылы шағын және орта бизнес субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 535,4 миллиард теңгеге жетті.
Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 9365 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 4 мыңнан астам адам бос жұмыс орындарына орналастырылып, 891 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 415 адам жастар практикасымен жұмысқа орналастырылды. Ал, 3 мыңнан астам қоғамдық жұмысқа тартылды.
Облыстың экономикасы туралы бірқатар ақпараттармен таныстық. Келесі кезекте Жамбыл облысының тұрғындарының өмір сүру сапасына тоқталайық.
Бұл тақырып бойынша бірінші еске түсетіні халықты сапалы медицинамен қамту екені анық. Осы мақсатта Жамбыл облысында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медицинамен қамту шаралары қолға алынған. Атап айтқанда өңірде 2022 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 12,6 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде денсаулық сақтау нысандарын дамытуға 5,8 миллиард теңге, тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге 2,9 миллиард және денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,0 миллиард теңге қаралып отыр.




Ал, өңірді дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, денсаулық сақтау саласында 86 жобаны іске асыру көзделген.
Аталған жоспар аясында Тараз қаласында 200 төсекке арналған облыстық онкологиялық диспансер, Байзақ ауданында 250 келушіге арналған емхана және 15 денсаулық сақтау нысаны мен 2 емхананың құрылысы жүргізіледі. Одан бөлек, 6 дәрігерлік амбулатория мен 18 медициналық пункт құрылысын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, 20-ға жуық денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі.
Бұдан бөлек, халықты сапалы қызметпен қамту мақсатында өңірдегі дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Нақтырақ айтсақ, бүгінгі таңда облыстың грантымен жалпы медицина мамандығы бойынша 40-тан астам студент білім алуда. Өңірге соңғы үш жылда 400-ден астам жас маман келген.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандарының материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында соңғы үш жылда 9,1 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтар мен бұйымдар алынған. Нәтижесінде облыстың медициналық құрал-жабдықтармен қамту көрсеткіші 91,96 пайызға жетті.
Тағы да айта кететін жайт, облыстағы барлық денсаулық сақтау нысандары толығымен компьютерлермен жабдықталған. Ал, облыстың 12 медициналық ұйымында "Е-Kezek" электрондық кезегі енгізілді. Сондай-ақ, электрондық денсаулық паспорты жүйесі тиімді іске асырылып келеді.
Өз кезегінде Жамбыл облысының білім беру саласында оң өзгерістер жетерлік деп айтуға болады. Атап айтар болсақ, өңірде заманауи мектептердің құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2023 жылы осы мақсатта Тараз қаласында 4 мектеп, Байзақ ауданында 2 мектеп, Қордай ауданында 2 мектептің құрылысы басталады. Ал, биылғы жылы Тараз қаласы Барысхан тұрғын алқабында 600 орындық жаңа оқу ордасы пайдалануға берілді. Аталған білім беру нысаны 23 оқу бөлмесімен, компьютер, модификациялық, лингафон кабинеттерімен және спорт зал, шеберхана, асханамен қамтылған.
Сондай-ақ, 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы 9500 орынға арналған 13 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде Таразда – 4, Байзақ ауданында – 2, Жамбылда – 1, Қордайда – 3, Меркіде – 1, Шуда - 2 мектеп салынады. Ұлттық жоба аясында бой көтеретін мектептер бірыңғай стандартқа сай салынатын болады.




Өткен жылы облыстың білім беру жүйесін қаржыландыруға 244,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде жергілікті бюджеттен білім беру нысандарын дамытуға 7,2 миллиард теңге қарастырылды. Сондай-ақ, 2022 жылы 20 білім беру нысанының құрылысына 7,0 миллиард теңге бөлінді.
Облыс аумағында балалардың қауіпсіздігін нығайту мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы қолға алынған. Аталмыш жоба аясында білім беру нысандарында ақылды турникеттер, бейнебақылау камералары және жеке тұлғаны тану жүйесі, ақпараттық дүңгіршектер орнату жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, білім беру саласы бойынша көрсетілетін қызметтердің барлығы 100 пайыз автоматтандырылған. Облыстағы барлық мектептер де "Күнделік" электронды журналы енгізілген. Ал, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі орташа есеппен 1 компьютерге 4 оқушыны құрайды.
Сондай-ақ, өңірдегі 372 мектеп 2500-ге жуық интерактивті тақтамен, 274 мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталған.


Өңірде құрылыс саласы да қарыштап дамып келеді. Оның ішінде халықты баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жамбыл облысында өткен жылы 70-ке жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Жалпы айтқанда 2022 жылы 100-ден астам нысанның құрылысы аяқталған. Бұл тізімде 15 білім беру нысаны, 17 денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт нысаны, 1 мәдениет нысаны пайдалануға берілген.




Сондай-ақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 4 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізілген. Ал, биылғы жылы Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда облыс бойынша 70 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 2022 жылы инфарақұрылым бойынша 30-дан астам жобаның құрылысы жүргізілді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2022 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 693,5 мың шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқан.
Сонымен қоса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 3,2 миллиард теңгеге 343 азаматқа және «Шаңырақ» бағдарламасы шеңберінде 58 азаматқа 515 миллион теңге сомасына несие рәсімделді.
2023 жылы 200-ге жуық нысанның құрылыс жобаларын іске асыруға 42,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 141 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 14 білім беру, 10 денсаулық сақтау, 17 спорт, 11 мәдениет нысанын салу жоспарлануда.


Жамбыл облысында жолдардың сапасын арттыру мақсатында тиімді жұмыстар атқарылып келеді. Нәтижесінде облыс жолдарының сапасы едәуір жақсарған десек болады. Тарқатып айтар болсақ, 2022 жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің 9,4 шақырымы қайта жаңғыртудан, 605,2 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Жалпы, алғанда өткен жылы жол жөндеу бойынша 250-ден астам жоба жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі жергілікті маңызы бар автожолдардың 97 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетті.



Ал, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 82 пайызды құрады. Биылғы жылы 557,4 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Бұл жоспарлар сәтті іске асса, 2023 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 98 пайыз, елді мекен көшелері 85 пайызға жеткізіледі. Аталған бағыттағы жұмыстарға 11,8 миллиарлд теңге теңге қарастырылып отыр.

Бұлардан бөлек, Жамбыл облысында елдімекендерді инфрақұрылыммен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Оның ішінде халық күнделікті тұтынатын сапалы ауыз су, табиғи газ, электр қуаты сынды мәселелерді шешу негізгі міндеттердің қатарына кіреді. Бұл мәселе тұрғындардың өмір сүру салтына тікелей әсер ететіні айтпаса да белгілі.
Енді нәтижелерге сөз берейік. Өткен жылы ауыз сумен қамту көрсеткіші қалалар бойынша 92,4 пайыз, ауылдарды қамту көрсеткіші 92 пайызды құрады. «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2022 жылы 13 жоба жүзеге асырылды. Қалған 36 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Қазіргі таңда 60-қа жуық елдімекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту шаралары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, 26 елді мекенге кешенді блок модульдерін орнату жоспарлануда.
Президент бекіткен тапсырмаға сәйкес, 2025 жылға дейін облыс елді мекендері 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінде облыс аумағында осы бағытта тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда.
Өңірде тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр десек артық айтпаған болар едік. Атап айтатын болсақ, 2022 жылы 274 елді мекен көгілдір отынмен қамтылды. Нәтижесінде 1029,3 мың адам табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды. Ал, биыл 30 мыңға жуық тұрғынды газбен қамту Қазіргі таңда Жамбыл ауданындағы 42 елді мекеннің 38-де табиғи газ бар. Ал, Сеңгірбай, Тоғызтарау, Құмсуат, Жаңа Өткел елді мекендерін ауыл ішілік газбен қамту мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы Ерназар, Өрнек, Еңбек, Рахат, Көлқайнар, Тастөбе, Ащыбұлақ, Шайдана ауылдары газға қосылды.




Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері Жуалы ауданындағы Күреңбел ауылдық округіне қарасты Қаратас ауылын газбен қамту мәселесі көтеріліп келеді. Аталған ауылды көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстардың арқасында Қаратас ауылына биыл табиғи газ берілді. Одан бөлек, аудандағы 44 елдімекенге газ құбыры жеткізілді.
Сонымен қатар, Жамбыл ауданына қарасты Өрнек ауылының тұрғындары да газға қосылды. Нақтырақ айтсақ, Өрнек ауылындағы тұрғындардың барлығына көгілдір отын жетіп отыр. Бұл жобаға бюджеттен 360 миллион теңге бөлінген.
Өткен жылдың қорытындысымен облыстағы 371 елді мекеннің 89,5 пайызында табиғи газ бар. Жалпы, халық саны 200-ден аз ауылдарды қоспағанда, 2027 жылы көрсеткіш 100 пайызға жететін болады.
Ал, өңірде халықты сапалы электр қуатымен қамту мақсатында жалпы қуаттылығы 451,3 МВт құрайтын 21 нысан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруде. Осы тұста облыстың жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан елімізде алдыңғы қатарда екенін атап өткен жөн.
Одан бөлек, жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Атап айтсақ, биыл «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік нысандардың жылыту қазандықтарын табиғи газға ауыстыру бағытында 27 жоба іске асырылады.
Қорыта айтқанда, Жамбыл облысында өткен жылы инфрақұрылым саласында 150-ге жуық жоба іске асырылған. Биылғы жылы да тұрғындарды сапалы ауыз сумен, жылумен және газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіледі.


Ендігі кезекте облыстағы елдімекендердің сапалы интернетпен қамту көрсеткіштеріне көз жүгіртейік. Бүгінде бұл мәселе еліміз бойынша ең өзекті тақырыптардың қатарында екені жасырын емес. Барлығы интернетке байланған заманда бұл мәселенің ертерек шешімін тапқаны тіптен жақсы.
Жамбыл облысын цифрландыру жұмыстары цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, экономиканың дамудың принципті жаңа траекториясына өтуіне жағдай жасауға бағытталған.




Осы мақсатта Жамбыл облысының барлық басқармалары, Тараз қаласының әкімдігі 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, «ақылды» қалалардың анықтамалық стандартын және облысты цифрландырудың жол карталарын басшылыққа ала отырып, облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған цифрлық технологияларды енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 367 ауылдық елді мекеннің 150-і жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетпен қамтылған. Нақтылайтын болсақ, облыстағы барлық 371 елді мекеннің 72-і – 2G, 140-ы – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен қамтылған. Ал, қалған 5 елді мекен мобильді байланысқа қосылмаған. Сондай-ақ, 186 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілмеген.
Осыған орай, 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету бойынша әзірленген Жол картасына сәйкес, 74 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылады.
Сондай-ақ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан ұсынылған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына 119 елді мекен енгізілді.


Өңірде халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне де баса назар аударылған. Бұл бағытта көптеген инвестициялық жобалар қолға алынып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Нәтижесінде облыс аумағында жұмыссыздардың қатары азайып келеді. Атап айтатын болсақ, өткен жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бағытындағы барлық көрсеткіштер мен индикаторлар толық орындалған.
Сондай-ақ, 24,3 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске асырылып, 155 тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал, биыл құны 15,4 миллиард теңгені құрайтын жүзден астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде 31 жоба ауыл шаруашылығында, 60 жоба өнеркәсіп саласында, 14 жоба «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алынбақ. Аталған жоспарлар жүзеге асса 800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Одан бөлек, биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 55 мыңға жуық адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады деп жоспарлануда. Жыл басынан бері ұлттық жоба аясында 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Нәтижесінде жоспардың 10,7 пайызы орындалған. Аталған бағдарламаға 2023 жылы 13,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,3 миллиард теңгеге артқан.
Одан бөлек, өңірлік жұмыспен қамту жоспарына сәйкес, биыл 70 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Халықты жұмыспен қамту барысында қайтарымсыз гранттар да белсенді шаралардың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Биыл осы мақсатта 1054 адамға жалпы 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарлануда. Аталмыш гранттар облыстағы өзекті кәсіпкерлік бағыттары бойынша берілетін болады. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 350-ге жуық адамға шағын несие беру көзделуде.
Түйіндей келе, Жамбыл облысының экономикалық даму көрсеткіштері жоғары деп бағалауға әбден болады. Сәйкесінше, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасы да жылдан-жылға артып келеді. Өңірді дамыту бағытындағы жұмыстар бұдан әрі де жалғасын табады деген сенім мол.

ERNUR.KZ.