Жаңа Қазақстанға нық қадам конституциялық реформаның жалғасы

0
524

Былтырғы өткен республикалық референдум конституциялық реформаны қолдай отырып, өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида - аралас жүйе бойынша жасақтауға көшті.


Жаңа Қазақстанға нық қадам конституциялық реформаның жалғасы

Парламент Мәжілісі мен қалалық, облыстық, аудандық, деңгейдегі мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталмақ. Яғни, Мәжіліс пен маслихаттар биылғы сайлаудан бастап аралас жүйемен жасақталып, 69 депутат партиялық тізім бойынша, 29 депутат бірмандаттық сайлау округы бойынша сайланады. Сондай-ақ, мәслихат депутаттары облыс, ел астанасы мен республикалық маңызы бар қалаларда жартылай партиялық, жартылай можаритарлық жүйе бойынша сайланады. Ал, аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді.

Демократиялық жүйенің көрсеткіші ретінде:
- сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі,
- саяси партияларды тіркеу рәсімінің жеңілдетіліп, партия мүшелерінің санына қатысты талап төрт есеге төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азаюы,
- депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлуі саяси бәсекені арттыра отырып, саяси құндылықтарымызды арттыра түседі.
Ерекше тоқталып кететін жайт, бұл сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссияларының маңызды рөл атқаратындығы.
2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихатттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 13-15 наурыз күндері аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлаудың ерекшеліктері: теория мен тәжірибе» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары А.К.Мамытбеков пен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Ә.Ә.Нысанбаев ресми түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тілей отырып, алдағы кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру мен өткізу ерекшеліктеріне, Қазақстан Республикасының сайлау құқығы: даму үрдістері мен перспективаларына тоқталды.
Семинарды Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары А.К.Мамытбеков, Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі О.В. Сагумбекова, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М.М.Адилбаев және кәсіби медиатор Г.Б.Қожахметова жүргізді.
Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды сайлауды байқау үшін аккредиттеу, сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету бойынша аумақтық сайлау комиссияларының жұмысының алгоритмі талқыланды. Тренерлер сайлау процесіне қатысушылармен тиімді байланыс орнатудың тәсілдеріне, сайлаушылармен жұмыс жасаудағы тиімді коммуникацияларға кеңінен тоқталып, көпшілік алдында сөз сөйлеу бойынша практикалық кейстер орындады.
Кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының 179 мүшесі қатысқан семинар барысында сайлау рәсімдерін ұйымдастыру кезінде қазақстандық сайлау заңнамасының қағидаттары мен нормаларын қолдануға, сайлау процесін және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыруда практикалық дағдыларды меңгеруге, сайлауды әзiрлеуге және өткiзуге байланысты құжаттардың құрамы мен мақсатын түсiнуге басымдық берілді.
Өздеріңізге мәлім, бұл сайлауға 41 мемлекеттен халықаралық бақылаушы қатысады, оларға сайлауға дайындық және оны өткізу барысын толыққанды бақылау үшін барлық жағдай жасалған. Аталған семинарға бүгінде Грузия және Германия мемлекеттерінен келген бақылаушылар да қатысуда.
Алдағы саяси науқанды ойдағыдай ұйымдастыру және өткізу жөніндегі аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне сәттілік тілей отырып, Жаңа Қазақстанды құруда ел ертеңін арқалаған үміткерлерге қажыр мен қайрат тілейміз!