Жаңа рекорд: "Музейлер түніне" 47 мыңнан астам адам келді

0
462

Елордалық музей халықаралық музейлер күніне орай "Музейлер түні" атты ауқымды халықаралық акция өткізді.


Жаңа рекорд:

ERNUR.KZ. Кеше Ұлттық музей еліміздегі адам ең көп жиналған орынға айналды, деп жазады sputnik.kz.

Елордалық музей халықаралық музейлер күніне орай "Музейлер түні" атты ауқымды халықаралық акция өткізді.
Ұлттық музейге барлығы 47 мыңнан астам адам келді. Осылайша, өткен жылғы рекорд жаңартылды. Естеріңізге сала кетейік, бір жыл бұрын акцияға 30 мыңға жуық адам келген болатын.

Ең алдымен музейге кіреберістің әрқайсысында бірнеше метрлік кезек пен келушілерге лық толы залдар көзге түсті. Ауа райы мен кешкі уақыт екеніне қарамастан, адамдар отбасылармен келіп жатты. Ал ауданы 74 мың шаршы метрді құрайтын және 200 мыңнан астам экспонаты бар елдегі ең үлкен музей барлық тілек білдірушіні әрең орналастырды, ал кейбір залдарда ине шаншар жер қалмады. Соған қарамастан музейдегі атмосфера ерекше, нағыз отбасылық және шынымен мерекелік болды.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов іс-шараға жиналған келушілерге құттықтау сөз сөйлеп, содан кейін Ұлттық музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен және алдағы мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
"Астанадағы "Музейлер түні" естен кетпестей думанға толы болды десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Бұл қазақстандықтардың өз мәдениетіне, тарихына және өнеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Біздің міндетіміз — осындай іс-шаралар арқылы адамдарға еліміздің рухани мұрасын қолжетімді ету", - деп атап өтті министр.