Жаңаөзендегі жарылған үйдің екінші тұрғыны да қайтыс болды

0
1 397

Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариев бұған дейін әйелдің денесінің 22 пайызға жуығын күйік шалып, қол-аяқ сүйектері сынғанын, басында жабық жарасы барын айтқан.


Жаңаөзендегі жарылған үйдің екінші тұрғыны да қайтыс болды

ERNUR.KZ. Қарашаның 23-і күні Жаңаөзендегі газ жарылысынан соң аурханаға түсіп, ес-түссіз жатқан тұрғын Ханым Күмісбаева қайтыс болған. Бұл хабарды Азаттыққа оның қызы Баян Қалымбетова растады, деп жазады azattyq.org.

"Анамнан да айрылдым. Кешкі сағат бес кезінде қайтыс болды. Сол беті есін жиған жоқ. Ағамды сенбіде, апамды - жексенбіде жерлейміз" - деді Баян Қалымбетова жұма күні.

Сәрсенбіде Ақтаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген Ханым Күмісбаева есін жимаған күйі жұма күні қайтыс болған. Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариев бұған дейін әйелдің денесінің 22 пайызға жуығын күйік шалып, қол-аяқ сүйектері сынғанын, басында жабық жарасы барын айтқан. Ауруханаға түскен екі адамның жағдайын бұған дейін дәрігерлер "ауыр, тұрақты" деп бағалаған болатын.

Жаңаөзендегі Рахат ауылында қарашаның 16-сы күні газ жарылып, жер үй зардап шеккен. Төтенше жағдай қызметкерлері оқиғадан үш адамның жараланып, үйінді астынан табылған үй иесі 56 жастағы Ханым Күмісбаева мен оның 29 жастағы ұлы Берік Қалымбетовтің ауруханаға жеткізілгенін айтқан болатын. Осы үйдің тағы бір тұрғыны Жақсыбай Қалымбетовтың басы жарылып, миы шайқалғаны анықталған. Оған ем жасалған соң үйіне шығарылған.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша, жарылысқа үй ішінде газ шығуы себеп болған. Бұл болжаммен келіспеген Баян Қалымбетова Facebook әлеуметтік желісіне газ құзырлы орындар хабарлағандай "үй ішінен емес, жол бойындағы газ құбырлары ақауынан кетіп жатқанын" көрсеткен видео жариялаған. Бұл ақпараттан соң билік пен құзырлы орындар брифинг өткізіп, комиссияның жарылыстың себебін тексеріп жатқанын, зардап шеккендерге көмек көрсетілгенін мәлімдеген болатын.

Бұған дейін Жаңаөзен қаласы әкімі Әділбек Дауылбаев зардап шеккендерге материалдық және дәрі-дәрмекпен көмек беріп жатқандарын айтқан. "Қазтрангазаймақ" мекемесі директорының орынбасары Ернұр Ибраев газдың құбырдағы ақаудан кеткенін растап, оның қашан және қалай зақымдалғанын комиссия анықтайтыны туралы хабарлаған.

Денесінің 56 пайызға жуығын күйік шалған Берік Қалымбетов бейсенбі күні есін жимастан ауруханада қайтыс болған. Қарындасы ағасының биыл желтоқсанда үйлену тойын өткізу жоспары болғанын айтады.