Жаңаөзендегі жарылыс газ баллонынан шыққан жоқ - ТЖМ

0
558

Жаңаөзендегі апат кезінде қаза болғандар саны 4 адамға жеткен болатын.


Жаңаөзендегі жарылыс газ баллонынан шыққан жоқ - ТЖМ

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігі Жаңаөзендегі жарылыстың газ баллонынан шыққанын теріске шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында таңғы сағат бестер шамасында №2 мөлтек аудандағы екі подъезді, қосқабатты тұрғын үйде газ жарылысы болды. Қазір оның себептері анықталып жатыр. Бастапқыда апат себебі - газ баллоны деп берілген болатын. Бірақ ол тұрғын үйде газ жүйесі жүргізілгені мәлім болды», - деді өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі брифингтен кейін комитет басшысының айтқан дерегін растады.

«Иә, әуелде жарылыс газ баллонынан болды деген нұсқа тараған. Кейін ол үйге газ тартылғаны белгілі болды. Жарылыс табиғи газдан келді деген нұсқа қаралып жатыр. Яғни, газ құбырынан ақау шыққан болуы мүмкін», - деді министрліктің баспасөз қызметіндегі мамандар.

Айта кетейік, Жаңаөзендегі апат кезінде қаза болғандар саны 4 адамға жеткен болатын.