Жаңатаста Орта Азиядағы ең ірі жел электр стансасының құрылысы басталды

0
1 437

Жобаның жалпы құны – 130 миллион доллар.


Жаңатаста Орта Азиядағы ең ірі жел электр стансасының құрылысы басталды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының Сарысу ауданында қуатты 100 мегаватт болатын «Жаңатас Жел электр стансасы» ЖШС-ның құрылысы салтанатты түрде басталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталған бұл жел электр стансасы алдағы уақытта Орта Азиядағы желден электр қуатын өндіретін ең үлкен станса болмақ.

Бұл электр стансасын салу туралы келісім инвесторлармен 2013 жылдың мамыр айында жүргізілді. Қазір бағаналарды орнату жұмыстарына мамандардан бөлек, жергілікті тұрғындардан 300-ге жуық адам тартылған. Жобаның жалпы құны – 130 миллион доллар. Бұл нысанның құрылысы 2020 жылы толық аяқталып, 40 адам тұрақты жұмыс істейді деп күтілуде.

«Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру үшін Сарысу ауданы әкімдігінің Түркістан ауылдық округінен 233 гектар жер берілген. Инвестициялық жоба аясында жергілікті халықтың жағдайын жасаумен қатар әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін берілмек. Жел электр стансасының қоршаған ортаға санитарлық-эпидемиологиялық әсері толық тексеріліп, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының оң қорытындысын алды. Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңін бастағалы отырған жел электр стансасы Орта Азиядағы электр қуатын өндіретін ең үлкен станса болмақ», - деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.

Айта кетейік, жобаның негізгі акционері - «Визор Қазақстан» компаниясы. «Жаңатас Жел электр стансасы» ЖШС бірінші жартыжылдықта Сарысу ауданы экономикасының негізгі капиталына 4,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салып, негізгі көрсеткіштердің орындалуына оң әсерін тигізді. Салтанатты шарада келісім шартқа қол қойылып, инвесторлар аудандық ауруханаға жедел жәрдем көлігін сыйға тартты.