Жапон студенті елімізге арнайы келіп Қорқыт Ата мұраларын зерттеп жатыр

0
1 119

Болашақ филолог Алпамыс батыр эпосын жапон тілінде оқып шыққаннан кейін, қазақ еліне, қазақ тіліне деген қызығушылығы арта түскен.


Жапон студенті елімізге арнайы келіп Қорқыт Ата мұраларын зерттеп жатыр

ERNUR.KZ. Қазақ тілін меңгерген жапон студенті диплом жұмысын жазу үшін Қызылорда облысына келді. Токио Университетінде шетел тілдері бөлімінде оқитын Такуро Оучи «Қорқыт атаның әдеби бейнесі» тақырыбын зерттеп жүр, деп жазады «Хабар 24».

Озық технологиялар елі өкілін түркі әлемі руханияты неліктен қызықтырды?

Такуро Сыр еліне табаны тиген бойда Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалын тамашалады. Қобыздың үні сарнаған күрделі сәулет кешенін көзбен көрді. Музейді аралап, мол мағұлмат жинауға кірісіп кетті.

- Сол музейде ежелгі заманнан, ежелгі дәуірден қалған жәдігерлерді өз көзіммін көрдім. Қорқыттың кесенесіне барып, алғаш рет Қорқыт шығарған күйді естідім. Соған мен қатты толқып қалдым. Әрі қарай мен өзім Қорқыт шығарған күйлерді тыңдап көргім келеді, - дейді Жапониядан келген студент Такуро Оучи.

Жапон студенті Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдарымен де кездесті. Күллі түркіге ортақ тарихи тұлғаның аты берілген іргелі оқу орнында Қорқыт ата дүниеге келген көне Жанкент қаласы туралы археологиялық деректерге қанықты.


- Мұның өзі де біздің ғылыми тұрғыда байланысымызды әрі қарай жетілдіреді деп ойлаймын. Бұл Такуро мырзаға біз алдағы уақытта Жапонияда емес, өзіміздің Қазақстанға келіп, магистратураға түсіп, әрі қарай ғылыми зерттеуін осы жерде тікелей зертеуін жүргізуге біз ұсыныс жасап отырмыз, - деді Қорқыт Ата Атындағы ҚМУ проректорының м.а. Нұрбол Аппазов.

- Жапон студенттері бұрынғы кезде негізінен технологияға көбірек әуес болатын болса, енді бұл рухани дүниелерді зерделеуге, зерттеуге бет бұруының өзі әлемдік ғылыми айналымға жаңа бір көзқарастардың келуіне мүмкіндік ашады деп ойлаймын, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов.

Болашақ филолог Алпамыс батыр эпосын жапон тілінде оқып шыққаннан кейін, қазақ еліне, қазақ тіліне деген қызығушылығы арта түскен. Ол ана тілімізді бір жыл көлемінде еш қиындықсыз меңгергенін айтады. Алдағы уақытта да Қазақстанмен рухани, ғылыми байланыста болуға ниетті екенін жасырмады.