Жарты жылда 20 миллион теңгенің жылқысын ұрлаған барымташылар қолға түсті

0
1 535

Жылқы ұрлығын кәсіп еткен 4 ер адам жарты жылдың ішінде 80 бас жылқы ұрлаған


Жарты жылда 20 миллион теңгенің жылқысын ұрлаған барымташылар қолға түсті

ERNUR.KZ. Алматы облысында полиция қызметкерлері 80 жылқы ұрлаған барымташыларды қолға түсірді, деп жазады stan.kz.

Төрт ер адам жарты жылдан астам уақыт бойы жайлауда жайылып жүрген жылқыларды ұрлаған. Олар жануарлардың бір жартысын бауыздап, етті дүкендерге өткізсе, екінші жартысын фермаларға сатқан.

"Ұсталған топ жылқы ұрлаумен өткен жылдың қыркүйегінен Талдықорғанда, Қаратал және Кербұлақ ауданында айналысқан. Осы уақыттың аралығында күдіктілер 80 бас жылқыны ұрлаған. 40-тан астам жылқы заңды иелеріне қайтарылды", — дейді Алматы облысындағы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.

Жоғалып кеткен жылқылардың жартысы Талдықорғаннан алыс емес жерде орналасқан фермадан табылды. Қора иесі жылқылардың қайдан келгенін білмейтінін айтты. Әрі жануар бағасының арзандығын білсе де қысылған жоқ. Сатып алушы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге қамалуы мүмкін. Сондай-ақ барымташыларға да абақтыға жабылып қалу қауіпі төніп тұр.

Жылқы ұрлаған топ 20 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Бірақ, полицейлердің пікірінше, ұрлық бұдан да көп соммаға жасалған. Қолға түскендердің бірі бұрын да осындай қылмысқа қатысы бар болғаны үшін жауапкершілікке тартылған.