Жарына жұдырық ала жүгіретіндер көбейген

0
2 320

Жанжал шығаратын еркектердің 70 пайызы алкогольге әуес, құмар ойынның жетегінде кеткен немесе нашақорлар екен.


Жарына жұдырық ала жүгіретіндер көбейген

Биылғы жылдың жеті айында астанада күйеуінен таяқ жеп, зорлық көріп дағдарыс орталығына түскен әйелдердің саны 50-ден асқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бұл полицияға шағым айтып тіркелгендердің бір бөлігі ғана. Психолог мамандардың айтуынша көптеген қыз-келіншектер күнделікті тепкіге көніп өмір сүріп жатыр екен. Кейінгі уақытта жарын соққыға жығатындардың саны неге көбейді?

Айнұр 3 баласымен сәуір айынан бері дағдарыс орталығында тұрады. 12 жыл бойы күйеуінен таяқ жеген ол "әбден қажып біттім" дейді. Жас кезінде тепкіден тез айыққанымен, уақыт өткен сайын шыдап бағу мүмкін емес болып кеткен.

«Жас кезімде оңай болды да востановление өз өзіме келіп, оны кешіріп, балалар үшін деп. Уақыт өткен сайын бұл қиын болады әйел адамға. Қайта-қайта көтеріліп, өз өзіме келу қиын болды маған. Есікті жауып, ішінен кілттеп қойған нәрседен көп уақыт бойы қорқып жүретінмін. Өйткені, бір күні түнде есікті жауып алды да кілтті тығып қойып, бір комнатада тұратынбыз. Почти таң атқанша ұрды. Ұрғанымен қоса психологиялық қысым жасады», - дейді қала тұрғыны Айнұр.

Отағасы ұруды жылдан жылға әдетке айналдырып алыпты. Бір төмпештеп алмаса көңілі көншімейтін болған. Амалы құрыған Айнұрдың вокзал паналап, далада қалған кездері аз емес.

«Көп кездер болған далада қалған, вокзалда қонған күндерім болды. Жәй далада отырған күндерім болды скамейкада. Ол кезде жылы болса мысалы. Мен осы жерге келгенде көрдім адам қатты қиналып тұрса осы жерге келіп қандай бір пана, қандай бір көмек үлкен көмек алатынын осы жерге келіп түсіндім. Сол кезде ішімнен айттым «мемлекеттің осы жасағаны игі іс», - деп өткен күндерін еске алады Айнұр.

Дағдарыс орталығының мамандары күн сайын түскен әйелдермен жұмыс жасайды. Тіпті күйеулерін де шақырып сөйлесетін көрінеді. Көбіне жарына жұдырық ала жүгіретіндердің немен айналысатынын анықтаған.

«Неге бізде сондай жағдай болып жатыр деп әйелдеріне ішімдік ішіп келіп, болмаса құмар ойындарға көп салынып жатады. Ұтылып қалғанда үйіне келіп әйелінен бар ашуын алып жатады. Сондай кездерде ер адамдар әйедеріне қол көтеріп жатады», - деді психолог Қаламқас Керімбаева.

Жанжал шығаратын еркектердің 70 пайызы не алкогольге әуес, не құмар ойынның жетегінде кеткен иә болмаса нашақор. Бүгінгі картина осы. Светлана Жолдасованың айтуынша, ұрып-соғу фактілерін көбейгенін жасыруға болмайды.

«Ашылған жылы 9 ғана әйел болған түскен. Ал қазір жыл соңы аяқталмастан уже 50-ге жуық әйел қабылдадық. Жылдан жылға көрсеткішті алып қарайтын болсақ көбеюде. Ол біздің адамдар жаман болды дегеннен емес, әйелдерді сауаты ашалып, осындай жерлер бар екенін біліп, көмек көрсете алатын жандар бар екенін біліп құқық қорғау органдарына барып арыз жазуының салдарынан деп ойлаймын», - деді әлеуметтік қызмет маманы Светлана Жолдасова.

Орталықта біраз уақыт болған әйелдер көп ұзамай күйеулеріне қайтып баруға шешім қабылдайды екен. Бірі балаларын әкесіз өсіргісі келмейді, екіншілерінің басқа барар жері, басар тауы жоқ. Бұл сынақтан кейін отбасының шаңырағы қайта шайқалмаса жақсы. Бірақ, жарына бір қол көтерген еркектің, ертең қайтып қайталамайтынына кепілдік жоқ