Жаз біткенше мәселе шешілмесе, кадрлық шешім қабылдаймын – Премьер-министр үкімет мүшелерін сынға алды

0
237

Рудный жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр.


Жаз біткенше мәселе шешілмесе, кадрлық шешім қабылдаймын – Премьер-министр үкімет мүшелерін сынға алды

ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов жылу беру маусымына дайындықты нашар деп бағалап, жағдай жақсармаса кадрлық шешім қабылдайтынын мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.

Премьер-министр жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалады. Оның айтуынша, басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары "кабинетте отырмай" жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс.

“Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа. Сондықтан тәуекел де жоғары. Егер жаз біткенше жағдай жақсармаса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданады", - деді Смайылов үкімет отырысында.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов жөндеу жұмыстарының бекітілген кестесі бар екенін және оны бұзуға болмайтынын сөз етті.

Айтуынша, қазірдің өзінде әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшілік байқалып отыр. Мәселен, жүйелі оператор "KEGOC" компаниясы Жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр.

Ал енді бірі жөндеу жұмыстарын тіпті келесі жылға қалдырған. Мысалы, Атырау жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы 60 күнді құрап отыр.

Рудный жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр.

Теміртау қаласы ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлде алынып тасталған.

"Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек. Өйткені уәкілетті органдар 27 энергия өндіруші компания үшін көтерме тарифтерді бекітіп берді. Ол тарифтерді станциялардың өздері ұсынды. Министрлік ұсыныстарды қабылдады", - дейді үкімет басшысы.

Смайыловтың айтуынша, жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны да өте баяу. 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ. Уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр, дейді ол.