Жеңілдетілген автонесие алуға ниет білдірген 4 290 азаматтың өтініші мақұлданды

0
333

Автонесиеге өтініш берушілер бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр.


Жеңілдетілген автонесие алуға ниет білдірген 4 290 азаматтың өтініші мақұлданды

ERNUR.KZ. Жеңілдетілген автонесиеге өтініш берген 4290 қазақстандықтың өтініші оң шешімін тауып, 31,7 млрд теңге көлемінде несие бекітілді. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазір жеңілдетілген автонесие беру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Азаматтар өтінішін екінші деңгейлі банктер қабылдап жатыр. Қазіргі сәтте 4290 азаматтың өтініші оң шешімін тапты. Оған бөлінген несиенің көлемі 31,7 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінде «Банк ЦентрКредит», Halyk Bank және Еуразия банкі өтініш қабылдап жатыр. Ертеңнен бастап бұл қатарға Forte Bank қосылады деп отырмыз», - деді Жанар Ибрашева.

Оның айтуынша, автонесиеге өтініш беру жұмысы ел көлемінде жүріп жатыр.

«Статистика үнемі өзгеріп тұрады. Жоғарыда айтылған мәлімет - қазіргі жайт. Жеңілдетілген автонесие кәдімгі несие алу секілді. Яғни, алдымен клиенттің несиені өтеу мүмкіндігі қаралады. Сондықтан да кей клиенттердің өтініші кері қайтарылуы мүмкін. Бұл туралы толығырақ банктерден білу керек. Автокөлікке қол жеткізу де әр жағдайға байланысты. Клиент автосалонға келіп көлікті қарайды, егер қалаған машинасы бар болса, сол жерде бірден рәсімдейді. Егер клиент қалаған автокөлік жоқ болса, онда күтеді», - дейді ол.

Аталған қордың мәліметінше, автонесиеге өтініш берушілер бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Одан бөлек, үштікке Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы кіріп отыр.

Айта кетейік, 16 мамырда Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру басталды.