Денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы аясында 2025 жылға дейін Жетісу облысында 15 дәрігерлік амбулатория салынады.
ERNUR.KZ. Мұнан бөлек, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт құрылысы жоспарланған, деп жазады ҚазАқпарат.
Кей ауылдарда құрылыс басталып кетті. Бір ерекшелігі емдеу мекемелері жаңа әдіспен жылдам салынады. Мәселен, Алакөл ауданы Еңбекші ауылындағы медициналық пункт 20 күнде салынып бітеді. Блокты-модульді ғимараттың алдымен, темір қаңқасы тұрғызылады. Одан кейін қабырғалары жылу сақтайтын материалмен қапталады. Ауданда дәл осындай екі пункт салынып жатыр.
«Қолайлы әрі арзан. Сендвич панельдермен қапталады. Ішінде 12 бөлме болады. Бір жобамен салынып жатыр. Қазір бізде жұмыс істеп жатқан 15 шақты адам бар», - деді құрылысшы Еркебұлан Әділхан.
Аудан орталығынан 30 шақырым қашықта орналасқан ауыл үшін медициналық пункт ауадай қажет. Мұндағы емдеу мекемесі бірнеше жыл бұрын өртеніп кеткен. Халық медициналық қызметке жүгіну үшін Үшарал қаласына баратын. Ал Еңбекшіде екі мыңға жуық тұрғын бар.
Дәл осындай модульді ғимарат Жетісу облысының өзге де аудандарында салынып жатыр. Жалпы алдағы екі жылда өңірде 50-ге жуық емдеу мекемесін жаңарту көзделген.