Жетісу облысында жаяу жүргінші мен көлік жүргізушісінің жанжалы кісі өлімімен аяқталды

0
490

40 жастағы ер адам ауруханаға жеткізіліп, келесі күні жансақтау бөлімінде көз жұмды.


Жетісу облысында жаяу жүргінші мен көлік жүргізушісінің жанжалы кісі өлімімен аяқталды

ERNUR.KZ. Жетісу облысында жаяу жүргінші мен көлік жүргізушісі cөзге келіп қалып, оның ақыры кісі өліміне әкеліп соққан, деп жазады zakon.kz.

Аталған оқиғаның видеосы 6 қарашада әлеуметтік желілерде тарады. Видеодан ақырын келе жатқан көліктің жол шетінде теріс қарап отырған адамды сүйкеп өткенін көруге болады. Осыдан соң жүзгізуші мен жаяу жүргінші арасында жанжал туындайды. Көлік жүргізушісі қарсыласына жұдырық жұмсайды. Сұлап түскен ол ес-түсін жоғалтады. Одан кейін айыптының ес-түсінен айырылған адамды көлігіне салып жатқаны байқалады.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған қайғылы оқиға 29 қазанда Үшаралда болған.

"Бетінен қатты соққы алған 40 жастағы ер адам ауруханаға жеткізіліп, келесі күні жансақтау бөлімінде көз жұмды. Күдікті ретінде 35 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, Алакөл аудандық ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды", делінген полиция хабарламасында.

ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-бөлігі, "Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.