Жетісу облысының әкімі 20 миллионыншы тұрғынның ата-анасын құттықтады

0
859

Жас отбасына баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін, Президент жолдаған сый-сияпат — балаға қажетті бұйымдар мен қоларба сыйға тартты.


Жетісу облысының әкімі 20 миллионыншы тұрғынның ата-анасын құттықтады

ERNUR.KZ. Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындарының бірі Талдықорған қаласында өмірге келді. Әзімбаевтар отбасында төртінші перзент болып дүние есігін ашқан сәбидің есімі — Айсұлтан, деп жазады Kazinform.

Бүгін Талдықорған перинаталдық орталығына барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев Әзімбаевтар отбасын құттықтады.

— Айсұлтанның бауы берік болсын. Айсұлтан тек сіздердің ғана емес, еліміздің мәртебесін өсіретін азамат болсын. Жаңарып жатқан Қазақстанның, еліміздің жақсылығы мен қуанышының куәгері болып, аман-есен ер жетсін. Сәбидің өзіне де, ата-анасы, сіздерге де денсаулық тілеймін. Президенттің арнайы құттықтап жолдаған сыйлығын тапсыруға рұқсат етіңіздер, — деді Жетісу облысының әкімі.

Ол сондай-ақ жас отбасына баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін, Президент жолдаған сый-сияпат — балаға қажетті бұйымдар мен қоларба сыйға тартты.

Сонымен қатар «Отбасы банк» АҚ Жетісу облысы филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиев Әзімбаевтарға 2 млн теңгенің сертификатын ұсынды.

— Мен Талдықорған қаласындағы № 21751 әскери бөлімінде жақын аймақтағы ұшу басшысы болып қызмет етемін. Өзім Шымкент өңіріненмін, осы әскери жұмысыма байланысты Жетісу жеріне тұрақтадым. Талдықорған әскери бөлімінде қызмет етіп келе жатқаныма он жылдан асты. Осы өңірде шаңырақ көтердім, балаларым осында өмірге келді. Бүгін, міне, көпбалалы отбасы болып жатырмын. Сондықтан Жетісу жері маған әрдайым ыстық, — дейді Айсұлтанның әкесі Мұхтар Әзімбаев.