Жұмысынан айрылған 30 мың адам Мемлекеттік сақтандыру қорынан төлем алды

0
2 447

​Қаңтар айында 6 754 адамға алғаш рет төлем тағайындалды.


Жұмысынан айрылған 30 мың адам Мемлекеттік сақтандыру қорынан төлем алды

ERNUR.KZ. 2021 жылдың қаңтар айында жұмысынан айырылуына байланысты 30,8 мың адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алды. Оның ішінде 6 754 адамға алғаш рет төлем тағайындалған, деп жазады inbusiness.kz.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жалақының 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жұмысынан босатылған адам төлем алу үшін: - eGov.kz порталында авторизациядан өтуі керек; - «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдауы қажет; - Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберуі маңызды; - бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады; - егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін сізге ХЖҚО қызметкері хабарласады).

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде министрліктің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның 40 қаласының тұрғындары үшін электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету мүмкіндігін іске қосты.