Жүргізуші куәлігінен айырылғандар көлік жүргізсе қамауға алынуы мүмкін

0
1 897

Талданып отырған құқық бұзушылықтар өсуінің бір себебі ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі санкциясының жеңілдігі, онда тек 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделгенін атап өткен жөн.


Жүргізуші куәлігінен айырылғандар көлік жүргізсе қамауға алынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Алдағы уақытта елімізде жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлігін мініп, әкімшілік құқық бұзатындар қамауға алынуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген еліміздің Бас прокуроры Ғазиз Нұрдәулетов атап өткен, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бас прокуратура депутаттық сауалдың негізінде көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушілерді (бұдан əрі - жүргізушілер) жауаптылыққа тартудың құқық қолдану практикасына талдау жасады. Қолданыстағы заңнамада мұндай жүргізушілердің жауаптылығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің (бұдан əрі - ӘҚБтК) 612-бабының 3-бөлігімен (басқару құқығынан айырылғаннан кейін автокөлікті басқару), ал масаң күйде болғандарға қатысты - Қылмыстық кодекстің 346-бабымен (бұдан əрі - ҚК) белгіленген. 2018 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда мұндай қылмыстардың (5%) жəне əкімшілік құқық бұзушылардың (2,8%) елеусіз өсуі байқалады. Құқығынан айыру кезінде атқарушылық іс жүргізу қозғалмайды. Сондықтан, жүргізу құқығынан айыру туралы сот актілерін орындамаған жүргізушілер ҚК-нің 430-бабымен жəне ӘҚБтК-нің 669-бабымен жауаптылыққа тартылмайды», - деп атап өтеді Бас прокурор.

Оның сөзіне қарағанда, егер де кейін олар тарапынан Жол жүрісі қағидаларының талаптары бұзылса (бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамай өтіп кету, жылдамдық режимін асыру жəне т.б.), онда олар ӘҚБтК-нің тиісті бабымен, сондай-ақ ҚК-нің 346-бабы жəне ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен қосымша жауаптылыққа тартылады.

«Талданып отырған құқық бұзушылықтар өсуінің бір себебі ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі санкциясының жеңілдігі, онда тек 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделгенін атап өткен жөн. Осыған байланысты профилактикалық мақсатта қамауға алу түріндегі баламалы жаза көздей отырып, бұл баптың санкциясын қатаңдату орынды. Бүгінгі таңда прокуратура жол жүрісі қауіпсіздігі саласында тексеру жүргізуде, оның нəтижелері бойынша елдегі жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар (оның ішінде ӘҚБтК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша) əзірленетінін атап өту керек», - деді Ғизат Нұрдәулетов.

Айта кетерлігі, Мәжіліс депутаттары Бас прокурорға жолдаған ресми сауалында соңғы екі жылдың ішінде 90 мыңға жуық азамат көлік жүргізу құқығынан айырылғаны көрсетілген. Осы аралықта көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілер 15 мың әкімшілік және 5 мың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.