Журналист Вадим Борейко операторының екі көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткенін мәлімдеді

0
527

Борейко болған оқиғаны журналистердің кәсіби қызметімен байланыстырады.


Журналист Вадим Борейко операторының екі көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткенін мәлімдеді

ERNUR.KZ. 20 ақпанға қараған түні белгісіз біреулер "Гиперборей" Youtube-арнасы операторының екі көлігін өртеп кетті, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл туралы Youtube-арнаның негізін қалаушы, журналист Вадим Борейко әлеуметтік желіде мәлім етті.

"20 ақпанда менің операторымның екі көлігін үйінің жанында жарып жіберді", - деп жазды журналист.

Оның сөзінше, көліктер "Гиперборей" Youtube-арнасының жұмысында қолданылған. Борейко болған оқиғаны журналистердің кәсіби қызметімен байланыстырады.

Бұл Қазақстанда журналистерге жасалған шабуылдардың алғашқысы емес. 10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.

13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.

Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар, сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.