Жыл басынан бері 140 бала терезеден құлады – ТЖМ

0
849

Ойын баласының терезеден құлауының басты себебі – оңай ашылатын терезе.


Жыл басынан бері 140 бала терезеден құлады – ТЖМ

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері елімізде 140 бала терезеден құлады. Оның 90 пайызы қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл Төтенше жағдайлар министрлігінің статистикасы, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Соңғы кезде ойын баласына қатысты оқыс оқиғалардың жиілеуі жауапты мекемелерді де алаңдатып отыр. Ал сарапшылар енді еліміз халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, бүлдіршіндер қауіпсіздігін күшейту керек екенін айтады.

Ақтауда орын алған оқиға орнына құтқарушылар дер кезінде келді. Абырой болғанда төрт жасар қыз дін-аман қалды. Жалпы өткен жылы елімізде 100-ден астам бала терезеден құлап, 25-і көз жұмған.

«Біріншіден, мұндай оқиғалардың болу себебі – ата-аналардың дұрыс қарамауы балаларын, қараусыз қалдыруы, абайсыздығы. Барынша айтып жатамыз, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатады. Үйлерді аралаған кезде, өрт қауіпсіздігі бойынша акциялар кезінде барынша ата-аналарға соны ескертіп отырамыз. 1 жастан бастап жүруді үйренген балалар 1 жастан бастап құлауы мүмкін», - дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Терезенің арғы жағындағы көрініс балалар үшін қызықты әрі таңсық дүние. «Кішкентай зерттеуші» қоршаған ортаны тану мақсатында түрлі қауіпті әрекеттерге барады. Ойын баласының терезеден құлауына басты себеп – оңай ашылатын терезе.

Мәселен Америкада балалардың терезеден құлауына қарсы арнайы бағдарлама бар. Өткен ғасырдың 70-жылдары қолға алынған бұл жоба жазатайым оқиғалардың алдын алуды 50 пайызға азайтқан. Бұл тұрғыда қазақстандық сарапшылар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы заңды күшейту керегін алға тартады.

«Жұмысты қазірден бастау керек. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу қажет. Баланың қауіпсіздігіне жауап беретін бірнеше бағыттағы арнайы ведомстволарды іске қосу маңызды. Олардың қызметі нақты айқындалса, келесі жылдың соңына дейін мәселенің 70 пайызы шешілер еді», - дейді ҚР БҰҰ Балалар қорының балалар өмірі бойынша бағдарлама үйлестірушісі Анна Стативкина.

Биыл елімізде арнайы норма бекітілді. Ол – балабақша мен мектептерде және тұрғын үйлерде құрылыс компанияларының терезеге блокиратор орнатуын міндеттейді.

Әзірге балалардың қауіпсіздігі мәселесі толығымен шешілмей тұр. Арнайы норма болғанымен, терезе қорғаныштарының сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Өкімет бұл бағыттағы заңды қатаңдатса құба-құп.