Жылаған сәбиді қылқындырған балабақша тәрбиешісі видеоға түсіп қалды

0
3 570

Полиция тәрбиешінің кім екенін анықтады, тергеу жүріп жатыр


Жылаған сәбиді қылқындырған балабақша тәрбиешісі видеоға түсіп қалды

ERNUR.KZ. Жылаған баланы көрпенің астына тығып, қылқындырған балабақша тәрбиеші желі қолданушыларын шошытты. Видео Теміртау балабақшаларының бірінде түсірілген, деп жазады sputniknews.kz.

Видео "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде жарияланған. Күндіз балалардың ұйықтайтын кезі болса керек. Тәрбиеші бір аяғын төсекке шығарып, баланы көрпеге орап алған. Кадрларда екі қолымен сәбидің мойынынан ұстап тұрғаны көрінеді. Балақай айғайлап жылап, тыпырлап жатыр, бірақ әйелдің босататын түрі жоқ. Ата-аналар видеодағы балабақшаның қайда екенін бірден танып қойды.

Видеода әйелдің бет бейнесі анық көрінеді, кей желі қолданушылары тәрбиешіні тауып аламыз дейді. Қаланың білім беру бөлімі хабарлағандай, полиция әйел адамды тапқан екен.

"Балаға зорлық-зомбылық көрсету оқиғасы жекеменшік мектепалды мекемеде болған", — деп хабарлады Теміртау білім беру бөлімі. — Балабақша білім беру бөлімінің қарауында емес, мектепалды білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс алмаған. Құқық қорғау органдары қызметкердің кім екенін анықтады".

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, полиция ҚК 140-бабына сәйкес "Кәмелеттік жасқа толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндетін орындамау" тергеу жұмысын атқарып жатыр.