​Қақырықты түсіруге арналған халық еміндегі 7 тәсіл

0
93 547

Қақырықтан тез құтылудың арзан жолдарын ұсынамыз.


​Қақырықты түсіруге арналған халық еміндегі 7 тәсіл

фото: healthline.com

Халық емі қақырықты түсіріп, тыныс жолдарын ашады әрі тыныс алуыңызды жеңілдетеді. Қауіпсіз әрі қолжетімді емдеу жолдарын сіз де байқап көріңіз.


Аюбадам қайнатпасы


1 стақан қайнаған суға 1 шай қасық кептірілген аюбадамды (бузина) салып, тұндырып қоясыз. Бірнеше минуттан соң дайын болған тұнбаны сүзіп алып, аз жұтымнан күніне 2-3 рет ішесіз.

Аюбадам – қақырықты жұмсартып, сыртқа оңай шығуына ықпал етеді.


Бал мен сарымсақ


100 мл бал мен 1 бас ұнтақталған сарымсақты араластырасыз. Қоспаны шыны ыдысқа салып, ыстық суға бұлау жасайсыз. Қолданатын кезде 1 стақан ыстық сүткен 1 ас қасық қоспаны араластырып, күніне бірнеше рет ішесіз.


Алоэ шырыны мен жаңғақ


50 мл алоэ шырынына 150 мл бал мен 100 гр. ұнтақталған грек жаңғағын қосыңыз. Қоспаны мұқият араластыру керек. Емдік қоспаны күніне 20 грамнан тамақтан соң қабылдайсыз.


Бұл қоспа қақырықтан арылтады, иммунитетіңізді көтереді әрі ағзаңызды қуаттандырады.


Сәбіз бен бал


Ыдысқа аздап су құйып, бірнеше дана сәбіз салыңыз. Ыдысты отқа қойып қайнатасыз. 10-15 минуттан соң тұнбаны сүзіп алыңыз. Бірдей көлемде балмен араластырып, күніне 2 рет 2 шай қасықтан қабылдаңыз.


Сәбіз қайнатпасы жөтелді емдеп, қақырықтың оңай түсуіне септігін тигізеді.


Пияз бен сүт

0,5 келі пияз бен 1 бас сарымсақты қабығынан тазартып алып, блендермен немесе еттартқыштан өткізесіз. Оған 1 литр сүт құйып, отқа қоясыз. 10 минуттай қайнаған соң оттан алып сүзу керек. Дайын болған тұнбаға бал араластырып 1 ас қасықтан ішесіз. Емді күніне 3 рет жүргізу керек.


Жолжелкен тұнбасы


Итмұрын (шиповник), түймедақ (ромашка), жолжелкен (подорожник) жапырақтарын ұнтақтап араластырыңыз. Шөптер жиынтығының 1 ас қасығын 1 стақан қайнаған суға салып, 15 минуттай қайнатасыз. Белгіленген уақыттан соң тұнбаны сүзіп алып, 100 мл-ден күніне 3 рет ішіңіз.


Қырмызыгүл мен сәлбен тұнбасы


Қырмызыгүл (календула), сәлбен (шалфей) мен эвкалипт гүлдерін ұнтақтаңыз. Оның 50 грамына 400 мл су құйып, отқа қоясыз. Шамамен 20-30 минуттай қайнатып алып, тұнбаны сүзесіз. Тұнбаны жылы күйінде әр 2-3 сағат сайын аз-аз жұтымнан ішу керек.


Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ.

Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.