Циститті аскөк тұнбасымен емдеуге болады

0
11 407

Ағзаға еш зиянсыз әрі қолжетімді емделудің біраз нұсқаларын ұсынамыз.


Циститті аскөк тұнбасымен емдеуге болады

Фото: flip.kz

Цистит – инфекциялық ауру. Тік ішектен түскен микроб несеп жолдарын зақымдайды да әсерінен цистит пайда болады. Оны дер кезінде емдемсе, соңы ауыр жағдайға ұласады. Асқынған цистит кезінде кіші дәретке қан араласады. Бұл кезде міндетті түрде дәрігерге тексеріліп, қажетті ем-домды жасау керек. Ал енді ғана басталған циститті халықтық тәсілмен де емдеуге болады.

Ағзаға еш зиянсыз әрі қолжетімді емделудің бірнеше нұсқаларын ұсынамыз:

  • 1 ас қасық аскөк (укроп) ұрығын 1 стақан қайнаған суға салып демдейсіз. 3 сағаттан соң дайын болған тұнбаны сүзіп алып, күніне 2 рет 100 мл-ден ішесіз.

А, В, С және Е дәрумені мен фосфор, кальций, темір элементтеріне бай аскөк қайнатпасы бойыңыздағы суықты шығарады, ауруды басады, ағзадағы бактерияны өлтіреді.

  • 1 ас қасық ұсақтап туралған ақжелкен (петрушка) жапырағына 1 ас қасықтан қырмызыгүл (календула) мен сүйелшөпті (чистотел) араластырасыз. Емдік шөптерді 1 стақан қайнаған суға салып, 10 минуттай тұндырыңыз. Белгіленген уақыттан соң тұнбаны сүзіп алып, 1/3 стақаннан күніне 3 рет ішесіз. Емді тамақтанудан алдын жүргізу керек.
  • 1 шай қасық мүкжидекті (клюква) 1/2 стақан қайнаған суға саласыз. Жарты сағаттан соң тұнбаны сүзіп алып, тамақтанудан алдын 1 ас қасықтан қабылдайсыз. Бұл тұнба ағзадағы микробтармен қатар, калий және кальций элементтерін сыртқа шығарады. Сондықтан да ем кезінде творог, сүт, кәді, ақжелкен, асқабақ, банан секілді құрамы пайдалы элементтер мен дәруменге бай тағамдарды тұтыныңыз.

Ескеріңіз! Мүкжидек қайнатпасын кішкентай балаларға, қан қысымы төмендер мен асқазанында қышқылы басым жандарға ішуге болмайды.

  • 8 шай қасық шайқурай (зверобой) мен 3 шай қасық түймедақ (ромашка) гүлін араластырыңыз. Оған 1 литр қайнаған су құйып, тұндырып қоясыз. 1 сағаттан соң тұнбаны сүзіп алып, жарты стақаннан тамақтан соң ішесіз.

С дәруменіне бай бұл тұнба бойыңыздағы суықты шығарады әрі несеп жолдарын тазалайды.

  • 20 гр. түймедақты (ромашка), 20 гр. қайың бүршігін, 15 гр. жалбызды араластырыңыз. Оның 1 ас қасығын 1 стақан қайнаған суға салып, демдейсіз. Шамамен 2 сағаттан соң тұнбаны сүзіп алып, жарты стақаннан тәулігіне 4 рет ішесіз.

Бұл тұнба әсіресе жүктілік кезде пайда болатын циститке керемет ем болады.

  • 10 гр. сәлбен (шалфей) жапырағын 1 стақан қайнаған суға салып, отқа қоясыз. Баяу отта жарты сағаттай қайнату керек. Беліленген уақыттан соң отты өшіресіз. Тұнба салқындағанк езде сүзіп алып, 50 грамнан күніне 3 рет ішіңіз. Емделу мерзімі – 2 апта.

Сәлбен – флавоноидқа, алкалоидқа, Р және РР дәруменіне, органикалық қышқылға, эфир майына бай.

  • 1 ас қасық ұнтақталған арша (можжевельник) жидегін 1 стақан қайнаған суға демдейсіз. Стақанның қақпағын мықтап жауып, ыдыстағы қайнап тұрған суға саласыз. 15 минуттай бұлау жасаған соң, сыртқа алып қойыңыз. Тұнба салқындаған кезде сүзіп алып, бірдей көлемде қайнаған сумен араластырып, ішесіз.

Арша тұнбасы микробты жояды, суықты шығарады әрі ауруды емдейді.

  • 2 ас қасық итмұрын (шиповник) тамырын 1 стақан қайнаған суға саласыз. Ыдыстың қақпағын мықтап жауып, кастрөлдегі суға салыңыз. 20 минуттық бұлаудан соң стақанды алып қойыңыз. Салқындаған кезде сүзіп алып, тамақтан алдын қабылдайсыз. Емді күніне 4 рет 10 мл-ден ішу керек.

Итмұрын қайнатпасы несеп жолдарының қабынуын емдеп, ауырғанды басады әрі иммунитетті көтереді.

Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.

Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.