«14 жас үлкен болса да, Мұхтар аға деп кетті»: Мұхтар Шаханов Шәмші Қалдаяқовтың ерекше қасиеттерімен бөлісті

0
1 344

«Екеуміз бірігіп 16 ән жаздық»


«14 жас үлкен болса да, Мұхтар аға деп кетті»: Мұхтар Шаханов Шәмші Қалдаяқовтың ерекше қасиеттерімен бөлісті

Бүгін «Қазақ вальсінің королі» атанған танымал композитор, еліміздің ұлы перзенті Шәмші Қалдаяқовтың туған күні!

Бар ғұмырын музыкаға арнап, 300 жуық ән жазған Шәмші Қалдаяқовтың бай мұрасы дәуірлермен тұтасып, халықпен бірге жасап келеді. Әрбір әні халық әндеріндей болып кеткен ұлы композитордың өміршең туындылары әрдайым жадымызда.

Шәмші Қалдаяқовтың досы әрі сырласы болған, қазақтың арқалы ақыны, жер шарындағы ең көп аударылған ақын Мұхтар Шаханов «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат беріп, екеуінің қызықты оқиғалары, өмір өткелдері туралы айтып берді.


Сіз Шәмші Қалдаяқовпен дос болдыңыз. Екеуіңіз 16 әнді бірлесіп жарыққа шығарған екенсіздер. Осындай жемісті, нәтижелі шығармашылық одақ қалай құрылып еді?

– Шәмшінің әкесі Қалдаяқ деген кісі еді. Сол кісі бір күні үйге келді де Шәмшіге қарата: «Бүгіннен бастап Мұхтар не айтса соны істеймін деп уәде бер!» деді. Сонда Шәмші: «Мен Мұхтардан 14 жас үлкен едім, бүгіннен бастап Мұхтар аға деп айтамын» деді. Сөйтіп, өле-өлгенше Мұхтар аға деп кетті.

Екеуміз жақсы қатынаста болдық қой.


– Шәмші Қалдаяқовты еске алғанда ең бірінші қандай оқиғалар есіңізге оралады?

– Екеуміз 16 әнді бірігіп жаздық. Ол біздің үйде 11 жыл тұрды. Менің анам бір ерекше адам еді. 15 перзентінен тірі қалған мен ғана болыппын. «Неше балаңыз бар?» деп сұрағанда, «Үш балам бар. Үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кенжем – Мұхтар Шаханов» деп жауап беретін. Екеуміз жазған 16 әнді халық әлі күнге дейін айтып жүр. Халық арасында негізінен екеуміздің әндеріміз айтылады.


– Сіздің де композиторлық қырыңыз бар. Сіздің де ел арасында кең тараған «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде» сынды әндеріңіз бар. Сіздің композиторлық қырыңыздың ашылуына Шәмші досыңыз әсер етті ме?

– Мен нота білмеймін. Сауатым жоқ. Ал бірақ менің 60-қа жуық әнім бар екен. «Жұбайлар жырын» білмейтін қазақ жоқ қой, мәселен-ки. Одан басқа да әндерімді ел жатқа біледі.


– Досыңыздың ұлы Мұхтар Қалдаяқов бүгінде әке жолын жалғап жүрген музыкант, дирижер. Мұхтар деп сіздің құрметіңізге қойған ба?

– Иә.