​«6 мың теңгеден 30 миллион долларға дейін...»: Нұрлан Қоянбаев кино саласына қалай келгенін айтып берді

0
3 620

«Ақша түспесе де комедияны тастаған жоқпын»


​«6 мың теңгеден 30 миллион долларға дейін...»: Нұрлан Қоянбаев кино саласына қалай келгенін айтып берді


Белгілі әзілкеш, продюсер Нұрлан Қоянбаев шығармашылыққа қалай келгенін айтып берді. Ол «Инстаграмдағы» парақшасында комедия саласын дамытуға қосқан үлесін, кино түсіруде көрген қиыншылықтарын еске алды.


«Егер бір ауылда, бокстан немесе күрестен чемпион шықса, бүкіл ауыл балаларын сол спортқа береді. Біздің ауылдан Мұстафа Шоқай шықты! Сондықтан Шиеліде бәрі интеллект, бәрі политолог. Мен де сол ортаның ықпалымен мектепті алтынмен бітіріп, КАЗГУ-ге тарихшы, политолог боламын деп оқуға түстім. Болашақта еліміздің идеология саласында қызмет жасаймын деген бала арманым болған.


3-курста тарих факультетінің намысын қорғаймын деп аяқ асты КВН ойнай бастадым. Бірінші ойында 6 команданың арасында 6-орын алып, ұтылып қалдық. Намысыма тигені сонша, 2 жылдан кейін қатарынан 2 рет Қазақстанның чемпионы, 17 рет «Үздік ойыншы» атағына ие болдым. Одан кейін, 2006-жылы Мәскеудің жоғары лигасында А.В. Масляковтың өзі «Үздік ойыншы» (тарихта бірінші рет) атағын берді. Мәскеу, Сочи, Юрмала қалаларындағы барлық кубоктарды ұтып алдық. 2005-жылдары, тіпті ресейлік ойын-сауық ТВ арналары жұмыс ұсынды. Бірақ біз елге қайтып қазақ контентін дамытамыз деп шештік.


2000-жылдары «Шатақхана», «Қызық радио» жобаларынан бастадық. Телевиденияда рейтингі ең жоғарғы бағдарламалардың біріне айналды. Ол кезде комедия жанры ешкімге керек емес және дұрыс бағаланбайтын еді. Сценарист ретінде 6000 теңге аламын, тіпті «сіздерге эфир де жетеді» деп ақша да төлемеген кездер де болды…» деп еске алды Нұрлан Қоянбаев.


Ол сондай-ақ, қазіргі продюсерлерге тек комедия емес, тарихи, драма, мотивациялық фильмдерді түсіруге кеңес берді.


«20 жыл өтті!!! Комедия саласын трендке айналдырдық. Бәрі комедия түсіріп кетті. Кинотеатрда қазақ комедеясының дәуірі басталды. Қаншама билетке жаратылатын қаражат бұрынғыдай Голливудқа емес ,елде қалып жатыр. Қазір елімізде 100 комедия түсіріліп жатыр. 1 киноға 300 мың доллар кетсе, орта есеппен 100 комедия бюджеті 30 миллион долларлық киноиндустрияға айналды. Қаншама жұмыс орны! Қазір бір актер бос емес! Бәрі сьемкада, бәрі продюсер… Біреуі рахмет айтпайды. Мені конкурент санайды.


Тимирязев көшесінде, квартирада, қатып қалған нанды суға батырып жеген кез есіме түсіп кетті. Ақша түспесе де комедияны тастаған жоқпын. 6 мың теңгеден 30 миллион долларлық индустрия арасы 20 жыл!!! Барлықтарыңыз комедия түсіре бермей,тарихи драмалар,мотивациялық кино түсіріңіздер!» деп ақыл қосты Қоянбаев.