«Адамдар қарсыласып, театрдан шығартпады...»: Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаевтың жаназасы жайлы айтты

0
875

«Өміріңді дүйсенбіге жеткізбегені-ай...»


«Адамдар қарсыласып, театрдан шығартпады...»: Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаевтың жаназасы жайлы айтты

«Тамаша», «Аққу-Гәкку», «Терісқақпай» театрының белді актері болған, сатирик, режиссер Асқар Наймантаев кешегі сенбіде өмірден өтті. Бүгін марқұмды туған-туысы, әріптестері мен дос-жарандары ақтық сапарға шығарып салды.


Белгілі актер Бекжан Тұрыс өзінің «Инстаграмына» әріптес-інісі Асқар Наймантаев жайлы естелік жазбасын жариялады.


«Сатиралық мұраларың «Алтын қорда» ғана сақталып қалуға тиіс құрдасым-ау, сенен осылай айырылып қалам деп ойладым ба… «Кластасым» деп қағытып, «құрдасым» деп қалжыңдап жүретін Асекең – Асқар Наймантаев өзінің әлеуметтік желідегі әрбір жазбасына кейде тіпті қатысым болмаса да мені ілмектеп белгілей беретін. Құдайдың кұдіретін-ай, өмірінің соңғы күндерінде қасында болуды жазды. «Әй, Асқар, сен ештеңені уайымдама. «Бекжан тәуіп» деген Бауыржан аға Қаптағаев қойған атым бар, өзің жақсы білесің. Көресің осыдан, жазам сені. Әлі-ақ еске алып айтып отырамыз осы күндерді» дегеніме мәз болып күлген едің. Денсаулығыңа араша түсудің қамына кірісіп, дәрігерлермен де келісіп, жанашыр жанның арқасында алғашқы қажетке жаратар қаржыны да тауып қойғанда бақиға бет бұрып кете бердің, құрдасым-оу… Күйікке толы күрсініс, өзек толы өкініш, өкпеде өксік, қабырғам сөгіліп, жаным езіліп тұр…» деді Бекжан Тұрыс.


Жоспар бойынша Асқар Наймантаев бүгін ауруханаға жатпақ болған екен.


«Қайбір жылы туған күніңмен құттықтағанда: «Өз басым Асекеңнің күш-қуатына қайран қалам кейде. Біз: «Жетпейді!» деп байбалам салатын уақытты жеткізеді. Актер де, ұстаз да, сценарийст те, ұйымдастырушы да – бір өзі. Өнер десе ішер асын жерге қояр ол кино түсіруге де, туған жерінде өтуге тиіс мәдениет саласына қатысты іс-шараға да, гастрольге шығуға да, ең аяғы әлеуметтік желіге әзілдеп отырып ой салатын, ойландырып отырып күрсінтетін, қалжың мен қағытпадан да кенде қалдырмайтын жазбаларын жариялауға да уақыт табады» деппін. Әттең-ай, бәріне табылған уақыттың алдағы дүйсенбіге — дәл бүгінге жеткізбегені-ай! Дәл бүгін дәрігердің қолына тапсырсам жаныңды ап қалардай көрінген. Бірақ амал нешік… Тағдырдың талабына талқы жүрмейді, өзгермейтін өз заңын, өз үкімін орындатады.


... «Жұлдыз» мейрамханасына саған арналған қонақасы берілген кешегі кешке қатыса алмай, өзіңнің ұстазың —Тұңғышбай аға екеуміз «Абылай ханның ақырғы күндерін» ойнадық. Сенің пәнидегі соңғы күніңде. Сенің рухыңа арнағандай. Кездейсоқтық па бұл? Мен Бұқар арқылы сені жоқтадым, ұстазың Абылай хан арқылы ішіндегісін саған ақтарды. Сен рухың арқылы бізбен қоштастың. Сахна соны сездірді. Өйткені үшеуміздің де ғұмырымыз сахнада өтті, өтіп келеді. Бар ғұмырыңды театр өнеріне арнағаныңмен театрдан шығартпай, адамдар қарсыласқанмен Алла дәрежеңді көтеріп Орталық мешіттен “шықтың”. Көрерменің, қалың қазағың қоштасты солай. Білмеймін, бірақ ақиқаты — осы!..» деп қоштасты актер Бекжан Тұрыс.