Айсұлтан: Елбасымен камера алдында кездесуге дайын емеспін

0
1 803

Қазақстанның атын әлемдік деңгейде танытып жүрген режиссер не бәрі 22 жаста. Шетелде білім қуған Айсұлтан Сеитов - ТМД елдерінің, Американың өнер жұлдыздарының бейнебаянының сәтті шығуына себепші болған.


Айсұлтан: Елбасымен камера алдында кездесуге дайын емеспін

фото: ғаламтодағы ашық дереккөзден

Жас режиссер шетелдік Скпиртонит, Иван Дорн, Елена Темникова, Jah Khalib сияқты әлемге аты әйгілі өнер жұлдыздарының бейнебаяндарын түсіріп, бүгінде американдық жұлдыздармен жұмыс жасауда. Бұл туралы You Tube арнасындағы вДудь каналында берген сұхбатында айтты, деп жазады ERNUR.KZ тілшісі.

Өзінің еңбектерін құнды дүниелермен толықтыруды мақсат етіп қойған Айсұлтан "Нью-Йорк кино академиясына" оқуға түскен. Кез-келген жанның қалтасы көтере бермейтін оқу орнында, ол арнайы жеңілдікпен оқыған. Айсұлтанның айтуынша, 36 000-40000 АҚШ долларына дейін баратын жылдық оқу ақысын 50 пайыздық жеңілдікпен оқыса да, оны төлеуге шамасы келмеген. Баспанасын сатып, ұлының асқақ арманы мен көздеген мақсатына жетуін қалаған анасы Сабина көмектесіпті. Бір жылдық оқу жүйесін аяқтап, аталған оқу ордасының Лос-Анжелестегі бөліміне ауысады. Ұстаздарының қатаң талаптарымен білімі шыңдалған, ерекше дарын иесінің бүгінгі таңдағы еңбектері көпшіліктің көңілінен шығуда.


Бүгінде Айсұлтанға әлемдік деңгейде сұраныс бар. Ол бұл дәрежеге Ресей жұлдыздарының арқасында жеткедігін айтып, сол үшін оларға үлкен алғысын білдіретінін жеткізді.

"Қандай да бір сценарий жазып, ойымдағы түсіретін жерлерді айтсам бірден келісе кетеді", - дейді жас режиссер.

Осы арқылы өзіне деген сенімділік артып, әлемдік аренаға жол тартады.

Сондай-ақ, рэп оқитын американдық жұлдыздардың талабы жоғары екендігін тілге тиек етті. Ол, атышулы рэперлердің бұл қылығын ақшаның көптігімен байланыстырады. Яғни, олар үшін болмайтын нәрсе жоқ дегенге саяды. Әлемнің біраз жерін аралап, әдемілігін көзбен көрген режиссер, өзіміздің әсем Алматыда керемет туындыларды дүниеге алып келуге болатынын және оның жоспарда бар екенін жасырып қалмады.

Төккен терінің арқасында еңбегі ақталып жатқан Айсұлтанның ендігі мақсаты - кино түсіру. Дегенмен, шабытын одан әрмен шыңдай түсіп, жай емес, ерекше туындыларды жарыққа шығаруды көздеп отыр. Ол Қазақстанның бүкіл әлемдік кино сахнасына шығуына мүмкіндік көп дейді. Тек бөлінген қаражатты жан-жаққа шашпай, жанып тұрған жас режиссерлар мен сценарий жазушыларға бөлуді ұсынып отыр. Сонда қазақ киносы қанат байлап биіктерге самғайтынына сенімді.

Небәрі 22 жастағы Айсұлтан Елбасыға кино саласынан ұсыныстар айтқысы келеді. Алайда, оған камералар мен БАҚ өкілдері кедергі көрінеді. Жас режиссер Нұрсұлтан Назарбаевпен камера алдында кездесуге дайын еместігін айтты. Президентпен бетпе-бет жүздесудің бірнеше рет сәті түскенімен, көрісе алмаған. Көптің бірі болып форумдарда сөз сөйлеуді құптамайтын ол Мемлекет басшысының жеке өзіне барып ойын жеткізгісі келеді.

Айта кетейік, Айсұлтанның бірнеше жыл шет елде жүріп, сол елдің ауасын жұтып, суын ішкенімен, өз елін, сүйікті қаласын тастамайтыны қуантты көпшілікті. Еңбек жолына, діттеген мақсатына қыруар қаражат жұмсаған ата-анасына алғыс білдірді. Талмай еңбек етіп, кеткен шығынды пайызымен қайтарамын деген сөзі оқырмандарының көңіліне жылу ұялатты.