«Айтыстағы қыздардың тағдыры өте күрделі»: Ақын Қымбат Әбілдақызы шындықты бүкпесіз жайып салды

0
955

«Мен бұларды батырға балаймын»


«Айтыстағы қыздардың тағдыры өте күрделі»: Ақын Қымбат Әбілдақызы шындықты бүкпесіз жайып салды

«Жақсы адамдарым» бағдарламасында айтыстың ару қыздары қонақта болып, олардың өнері мен өмірі туралы кереметтей эфир көрерменге жол тартты. Сонда сарапшы болып қатысқан Қымбат Әбілдақызы айтыстағы қыздардың тағдыры өте күрделі екенін, оларды батырға балайтынын тілге тиек етті.


«Сөз өнері дертпен тең» дейді Абай. Айтыс басқа өнер түрлері сияқты бір бағыттағы өнер емес. Сен мықты айтыскер болу үшін, жүректегі сөзің жүрекке жету үшін, айтыстың киелі өнер екенін кез келген қазаққа ұқтыру үшін айтысқа баулитын бір мектепті ғана оқу емес, өзіңіз ізденімпаз, кітап арқылы біліміңіздің бұлағын, шөп-шаламды тазалап отыратын үлкен рухтың иесі болуыңыз керек. Екінші сіздің бойыңызда ғалымдық қасиет болуы қажет. Ғалымдық деген сіз оқырмандықтан кетіп, көп білуден асып, айтайын деп отырған тақырыпты толық ашу үшін ойыңыз орнықты, сөзіңіз жүйелі болу керек. Содан кейінміндетті түрде әртістік қасиет болуы керек. Сіздің сөзіңіз жүйелі, тақырыпты ашатын өрелілігіңіз болғанмен қатып қалған, қабағыңыз түксиген, өзіңіздің мәселеңіз бетіңізге шығып тұрған біреу болатын болсаңыз, алтын-гауһар шашқан сөздеріңіз көрерменге жетпейді. Айтыскер деген жасанды маска киіп шығу емес, ол халықты сыйлай отырып, сөз өнеріне құлша қызмет етуіңіз. Оның сыртында сіздің бойыңызда домбыра шерту қабілеті болуы керек. Айтыс дәстүрлі өнердің атасы болатын болса, сол атаға сәлем беру үшін сіздің бойыңызда дәрет пен иман болуы керек.

Айтыскер болу оңай ма екен? Оның сыртында сізде Тәңірден берілген ұлтты сүйетін отансүйгіштік қасиет болуы керек.

Мен айтыста 13 жыл қазылыққа қатыстым. Айтысқа келген қыздардың тағдырының өте күрделі екенін жаныммен сеземін. Ол халыққа ұнап отырған жағдайда қазыларға ұнамайды. Мысалы, айтыскер жігіттер «Көңілім саған түсіп отыр. Шіркін-ай, қолыңнан ұстап осы айтыстан кейін кетер ме едім?» деп соға салады. Өйткені, Тәңір бұларды солай еркін қылып еркек қылып жаратқан. Ал мына сорлы қыздар одан әрмен жауап берейін десе, бұлардың ар жағындағы «тартатындары» тартып, үйіне баратын есебі, сахнадан түскеннен кейінгі жағдайы көз алдында тұрады. Сондықтан мен айтыстағы қыздарды батырға балаймын. Ердің жүгін, елдің жүгін ерлерше көтеріп жүретін ана жүректілер деп есептеймін. Бұлар айтыстың сәні ғана емес, бұлар айтыстың берекесі, мерекесі.


– Қазақ айтысында өзіңіз сипаттап өткен қасиеттерді бойына сіңірген қай айтыскерді айрықша атап айтар едіңіз?


Менің көзім жоқтайтын, бірақ көзі тірі, айтыстың ғажап қызы бар. Ол Торғайдан келген Жадыра Құтжанова деген қыз болатын. Жадыра сахнаға шыққанда сахнаға құт бітетін. Оның көркі, айдай ашық ажары, кәдімгі лиро-эпостық жырлардағы сұлулықтың символы болатын. Онда жасандылық, қулық, тырнақ астынан кір іздеу деген атымен жоқ еді. Оның адалдығының өзімен бүткіл залды жарқыратып жіберетін. Жадыра сахнаға шыққаннан кейін сол жылдары қазақтың қыздарының бәрінің аты Жадыра боп қойылғанына мен куәмін, - деді Қымбат Әбілдақызы.