​Айтыстың аққуы едіңіз, коучтардың қарғасы боп барасыз" : Белгілі заңгер Айнұр Тұрсынбаеваға хат жазды

0
12 033

"Мына құзғындардың арқасында халқыңнан қарғыс алып жүрмеңіз деп ашық жазып отырмын".


​Айтыстың аққуы едіңіз, коучтардың қарғасы боп барасыз

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшесі, құқық қорғаушы, заңгер Айгүл Орынбек осыдан бірнеше күн бұрын Түркияға миллионер боламын деп барып, алданып қалған қыз-келіншектер жайлы жазып еді. Ол әңгіменің бір ұшы коуч, психолог Мақпал Қаратайға, екінші ұшы Айнұр Тұрсынбаеваға тиіп отыр.

Айгүл Орынбек инстаграм парақшасында мынадай жазба қалдырды:

"Апатайым-ау!

Қан сасып дем жетпей жатқан халқыңа дем беріп бір қуантып едің!

“Миллионер боламын”, деп Стамбулға ағылып далада қаңғып қалып жатқан әйелдердің көшін тоқтатып бір қуанттыңыз!

“Әйелдердің өзінде ми жоқ па?” депсіз!

Ия, сіздердің ертегі өмірлеріңізді көріп жүрген әйелдерде ми қалмады!

Сіздің тәтті сөздеріңізге миы уланған әйелдер, сіздің жаныңызда жүрген құзғындарға жем болып жатыр!

Халқыңның жүрегінде қазақтың мұңын жырлап жүрген қазақтың Айнұры болып орын алдың!

Мына құзғындардың арқасында халқыңнан қарғыс алып жүрмеңіз деп осылай ашық жазып отырмын!

Өзіңізге жеке ескертіп айтпадым емес, айттым!

Сол құзғындарды ел алдында жарнамалап жүрген соң, таяқтың бір ұшы сізге де тиеді деп!

Менің сөздерім сізге ұнамағанын білем, дос жылатып айтады деген сөз бар емес пе?

Бұл жазбамды сізді жамандыққа қимай жазып отырмын деп қабылдаңыз!

Айтыстың аққуы едіңіз, коучтардың қарғасы болып барасыз апатай!

Мен сізді баяғы айтыстың аққуы ретінде көргім келеді!" - деді заңгер.

Айта кету керек, Айгүл Орынбек бұған дейінгі жазбаларында Стамбулмен бизнес жасаймыз деп көптеген әйелдерді алдаған Динара Қосжанның үстінен қылмыстық іс ашылғанын жазған болатын.