"Әлі үлгереміз": Айнұр Тұрсынбаева жақсы жаңалығымен бөлісті

0
2 745

Айтыскер ақынның қоры 125 оттегі концентраторын сатып алып, Қазақстанға жеткізді.


Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Instagram парақшасында халықтың ақшасына сатып алынған оттегі аппараттары Қазақстанға жеткенін жазып, оқырмандарынан сүйінші сұрады. Дерті дендеген науқастарға қажетті аппаратты денсаулық сақтау министрі Алексей Цой таратуға көмектесуге уәде бергенін мәлімдеді.

"Аллаға шүкір аппараттарды алдық... Аман есен жіберіп берген Қазақстаның Түркиядағы елшісі Абзал Спарбекұлына мың алғыс! Әуежайда қор жетекшілері әрбір аппаратты тексеріп алды. Бұйырса қалаларға таратыла бастайды. Қаншама адамды ажалдан арашалап қалуға әлі де болса үлгереміз деп сенеміз", - деп жазды ақын.



"Тарихта қаласыз, бұл жақсылығыңызды ел ұмытпайды", "Ел аман болсын, осы аппараттар сөнген үмітті жалғар шамшырақ болсын", "Алла разы болсын", "Еліміз аман болсын" деген ақ тілектерін жазды желі қолданушылары.


Еске салайық, Айнұр Тұрсынбаева халықтан жиналған ақшаға 125 жасанды тыныс алу аппаратын сатып алғанын, алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтып мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, денсаулық сақтау министрі мен қорғаныс министріне үндеу жолдаған еді.

Ақын оттегі концентраторын сатып алу туралы идея қайдан келгенін де айтып өтті.

"Фейсбукті ашсам қаптаған "иманды болсын", инстаграмда да сол. Ватсапта да сол. Дәрі-дәрмек іздеп еңіреген халық. "Түркиядан дексаметазон жібер, антибиотик жібер" деп жылаған жұрт ватсапқа тыным бермеді", - деп еске алды Тұрсынбаева.

Ол алдымен 5 миллион теңгемен Стамбұлға парацетомол мен антибиотик іздеп барғанын атап айтты.

"Мен ИВЛ мен концентратор дегенді көрмек түгіл естімеппін. Дәріханада кезекті тұрып "мынау не нәрсе" деп сұрай салдым. Сөйтсем өкпесі қысылған жұртқа оттегі беретін ең қажетті дүние екен. "Ойбай-ау, бағасы қанша?!", "200 мыңдай!". Өй, жұртты шыбынша қырып бара жатқан аурудың емі түкке тұрмайтын ақша екен ғой, осыны алайық дедім. Инстаграмды бір шулатып 25 аппаратты сатып алдым. Ертесіне Қайрат Жолдыбайұлы хабарласып, мән-жайды білді де ақша жинауды бастап кетті.
Не керек 5-6 күннің ішінде жұрттың бәрі аппарат іздеп кетті. Құдай-ау дәрігерлер бізге осыны алыңдар деп неге ертерек айтпады деп қоямын. Ең болмаса 1 ай бұрын қимылдасақ, қаншама адамды аман алып қалар ма едік", - дейді ақын.


Айнұр Тұрсынбаева 125 аппарат Түркиядан жеткенін, тағы 700 аппарат 10-15 күннің ішінде Қытайдан келедтінін, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой таратуға көмектесетінін мәлімдеді.